Қазақ халқында қалыптасқан ұлттық дәстүрлердің, ділдегі ұғымдардың басым көпшілігі Ислам дінімен бірге өрілген. Кейбірі хақ діннің негізінде пайда болған. Сондықтан ұлттық салт-дәстүрлер төл мәдениеттің аясында қарастырылады. Ал әрбір халықтың мәдениетін, танымдық тұғырын айқындап беретін таразы – сол халық ұстанған идеологиялық рухани жол, яғни діні. Осы себепті дін дегеніміз діл мен дәстүрдің негізі болып табылады. Ал халық дінін ұмыта бастағанда сол діннен қалған сарқыншақтар әдет-ғұрыптарда ғана көрініс береді. Кеңес өкіметінің жетпіс жылдық шырмауында болған қазақ халқы осы отаршылықта болған басқа да түркі мұсылман халықтары сияқты асыл дінінен алыстай бастады. Отаршылардың басты мақсаты отарланған елдің байлығы мен халықтық ресурстарын өз қажетіне асыру екендігі бесенеден белгілі жайт. Ал сол мақсатқа жету үшін отарланған халықты төл дінінен, әдет-ғұрып, салт-санасынан, тілінен, мәдениетін жұрдай ету қажет. Әйтпесе, өздерінің кім екендігін жадынан шығармайтын жұрт түптің түбінде тәуелсіздік жолында аянбай күресері хақ. Сол сияқты қазақ халқы да отарланған ел ретінде талай зобалаңды бастан өткерді. Алдымен дінін насихаттауына қатаң түрде тыйым салды. Сосын бірте-бірте тілі де шеттетіле берді. Сөйтіп, өзінің діні мен тілінен бейхабар, өзгенің сойылын соғуға әрдайым дайын тұратын мәңгүрттер тобы пайда бола бастады.
Медиаон ақпарат
