Маркс еңбектерінде идеология мәселесіне өзін жетектеген күштің дін болғанын жазған. Мұндай жағдайды Людвиг Фейербахтың (Ludwig Feuerbach, 1804-1872) еңбектерінен де табуға болады. Мысалы, Фейербахтың ой жүйесі сезім арқылы білінетін нәрселердің ғана бар екендігіне негізделуші еді. Сол себепті Құдайдың барлығын растайтын нақтылы дәлел болмайынша Оның барлығын дәлелдеуге болмайды деген философ. Фейербах дін әкелген дәлелдерді ғылыми айғақтарға жатқызбай, жай қараңғы сенім қатарына қосқан. Сөйтіп, ол Карл Маркс пен Фридрих Энгелске (Friedrich Engels, 1820-1895) қатты ықпал жасаған. Осы материалист-атеист Фейербах философиясының әсеріне шалдыққан адамдар бізде де жеткілікті. Маркстің дінді «халықтың апиынына» теңеуі және Гегельдің «құқық философиясына сын» атты мақаласы осы сарында жазылғаны белгілі. Маркстің пікірінше дін адамды белгілі қағидалардың құлына айналдырады, діннен ада болған адам осы алданыштан да азат болады. Мұнымен, Маркс дін мен идеологияның арақатынасын мойындайды. Дегенмен Маркстің йаһұди (еврей) және христиан қоғамда өскенін және оның пікірлеріндегі дін туралы ойлардың осы екі дін төңірегінде шоғырланғанын айта кеткеніміз жөн.
Әлеуметтану ғылымдары ішінде ең көп дау-дамай туғызғандардың бірі мәдениеттану. Мәдениет дегенде кейбіреулердің есіне тек Пабло Пикассо (Pablo Picasso, 1881-1973), Вольфганг Моцарт (Wolfgang Mozart, 1756-1791), Петр Чайковский (Petr Chaykovskiy, 1840-1893) түседі. Ал, шындығына келгенде мәдениет ұғымы өте кең ауқымды қамтиды. Әр қоғамның қоғамдық қасиеттерінің материалдық және рухани тамырлары бар. Мәдениет дегеніміз осы дүнияуи және рухани қатынастардың ғасырлар бойы етене араласуы нәтижесінде қалыптасатын нәрсе. Сондықтан, заман өзгеріп мәдениеттің кейбір тұстары өзгеріске ұшырағанымен, қоғам өзінің мәдениеті мен оның өзегін сақтап қалуға тырысады.
Ислам дінінің көшпелі һәм руларға бөлінген араб қоғамында пайда болғаны белгілі. Дегенмен, ислам діні негізінен отырықшылықты, қалалық мәдениетті уағыздайды. Қазақ халқының тарихына қарайтын болсақ, ірілі-ұсақты рулар мен тайпалардың басын қосқан күш осы ислам діні болған. Ислам қауымдастығына қосылмаған түркі тайпалары болса мүлдем басқа мәдениет тобына қосылып, мүлдем басқа қоғамдарға айналған. Бұған мысал ретінде бұлғарларды, мажарларды, чуваштарды, сібір халықтарын т.т. айтуға болады.
Медиаон ақпарат
