А.С. Пушкин атындағы кітапханада ашылған көрмеге «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр Әл-Фараби мен Қазақ халқының ұлы ақыны А.Құнанбаевтың шығармалары қойылған. Сонымен қатар Ұлы көш басшымыз елбасының еңбек жолынан сыр шертетін еңбектері де қойылған. «Ғасырдан ғасырға» және «Ұлы даланың ұлы перзенті» атты көрме Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл- Фарабидің — 1150 жылдығы мен Алтын Орданың құрылғанына — 750 жыл толуына және Қазақ халқының ұлы ақыны А. Құнанбайұлының — 175 жылдық мерейтойына арналды. Көрменің тұсауын ел ағалары кесіп, елге рухани азық силайтын кітапхана ісіне сәттілік тіледі. Ғалым қалай Әбу Насыр Әл-Фараби атанды. Ғалымның туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар «Барба-Фараб» деп атап кеткен. Сондықтан «әлемнің екінші ұстазы» атанған ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Тарихи деректерде Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған. Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті. Ғалым алғашында Бұхарада, Самарқанда, одан кейін Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Мәдина, Мекке қалаларында болып, білімін үнемі жетілдірумен болды. «Ол Хамада қаласында араб тілін үйренді. Одан кейін 20 жылдай Бағдат қаласында тұрып, антикалық философиямен әлемдік мәдениетпен танысты. Жалпы Әл-Фараби бір жерде тұрақтамаған. Ол үнемі бір қаладан екінші қалаға саяхат жасап, білімін шыңдаған. Ғұлама ойшыл бар өмірін ғылым мен білімге арнады. Біздегі мәліметтерге сәйкес, ол 70-ке жуық тілді меңгерген», — дейді профессор Жақыпбек Алтайұлы. Сондай-ақ ғұлама ойшыл медицина ғылымындарын меңгеруге де бар күшін салады. Ол біраз жыл Бағдат шаһарында ғылыми ізденістермен айналысып тұрақтап қалады. Содан кейін Шам аймағына қоныс аударып, 950 жылы өмірден өткенше сол өлкеде қалады.
Медиаон ақпарат
