Бүгін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мерзімінен бұрын президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Еліміздің аса маңызды тарихи сәттерінде халқыма үндеу жасайтынымызды білесіздер. Бүгінде баршамызға үндеу жариялағалы отырмын. Бірақ бүгінгі үндеудің маңызы өте басқа және зор деп санаймын. Мен Қазақстан Республикасының президенті ретінде өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Әрине, бұл оңай шешім емес.
Биыл еліміздің ең жоғарғы лауазымындағы қызметін атқарып келе жатқаныма отыз жыл толады. Халқым маған Қазақстанның тұңғыш президенті болу мүмкіндігін берді. Кеңес империясы құлаған сәтте біздің саясатымыз бен экономикамыз құлдырап қалғанын білесіздер. Ел ішінде қобалжу менен түсінбестік жағдай болды.
Ішкі жалпы өнім екі есеге қысқарды, азық-түлік пен халық тұтынатын тауарлардың тапшылығы айқын сезілді. Бір мезетте ірі зауыттардың бәрі тоқтап қалды. Дүние төңкеріліп кеткендей көрінді. Бұл сынақ болатын. Біз ол сынақтан сүрінбей өтіп, дамудың қазақстандық жолын салуға белсене кірісіп кеттік.
Біздің үш тұғырлы міндетіміз болды. Нарықтық экономика құру, тоталитарлық жүйені бұзу және қоғамның барлық институттарын бұзу. Біз мұны заманауи демократиялық мемлекет Қазақстан Республикасын құру үшін жасадық. Біз әлсіз экономикамен және жағдайы жоқ азаматтармен демократиялық институттар қалыптастыру мүмкін болмайтынын түсініп, экономиканы дамыту және азаматтардың әл-ауқаты ісіне баса мән бердік.
Біз 2007 және 2012 жылдардағы ауқымды әлемдік қаржы дағдарысын қоса алғанда, кездескен қиындықтардың барлығын ешкімнің көмегінсіз және табысты еңсере білдік.
Медиаон ақпарат
