Шымкент қалалық “Отырар” кітапханасында тұңғыш президентіміз Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген Оңтүстік қаламгерлері кітаптарының көрмесі таныстырылды. Іс-шараны кітапхана директорының орынбасары Асылзат Оспанқызы жүргізіп отырды.
Ақын, журналист, аудармашы, К.Симонов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты Нармахан Бегалыұлының «Жаз-жалбыз» кітабы, жазушы, аудармашы, ғалым, ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұрғали Қадырбаевтың «Шығыстың Сұлтанбегі» кітабы, ақын, әдебиет зерттеушісі, сыншы халықаралық “Нәзір қоры” сыйлығының лауреаты Сәрсен Бек Сахабаттың «Қырғауыл қонған жидетал» кітаптарынан үзінділер оқылып, оқырманы қауымының жүрегінен орын алды.
Оңтүстіктің жазушылары және он томдық кітаптың шығу тарихы туралы жазушы, журналист, драматург, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт әсерлі әңгімесімен бөлісті.
ОҚМПУ филология факультетінің студенттері Х.Сайлау, Г.Сұлтанмұратова, Б.Уәлихан, Е.Пердебай, Б.Мақашов сынды студенттер қаламгерлердің кітаптарынан үзінділерді жатқа оқып, өз ойларымен бөлісті. Жиында кәсіпкер Тұйғынбек Әлжігіт руханият, әдебиет әлемінің тәрбиелік мәні жөнінде пікірін білдіріп, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зылиха Жантасова ақындар әлемі жөнінде ой қозғап, ақын Сәрсен Бек Сахабаттың соңғы жазған өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Медиаон ақпарат
