Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Прагаға жұмыс сапарымен барып, оның барысында Чехия Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Йиржи Козакпен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты қоса алғанда, түрлі салалардағы қазақ-чех қатынастарының ағымдағы жай-күйі мен перспективаларын талқылады.
Саяси байланыстарды дамытуға және 2024 жылдың екінші жартысында өткізілуі жоспарланып отырған Экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысын дайындауға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ тараптар өзара қызығушылық тудыратын өңірлік және халықаралық сипаттағы және БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардағы ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты.
ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.
Тараптар Астана мен Прага өзара тиімді және достық қарым-қатынас орнатқанын және жоғары деңгейдегі байланыстар оның негізі екенін атап өтті. Мемлекет пен үкімет басшыларының кездесулері тараптардың сенімді және сындарлы қарым-қатынастарды дамытуға деген ұмтылысын растайды.
Қазақ тарапы Skoda Transportation, Ferrit, Zetor, Sklostroj, Omnipol, Tatra, PRIMOCO UAV SE және басқа да чех компанияларымен ынтымақтастыққа ерекше қызығушылық танытты. Аталған компаниялардың халықаралық нарықтарда айтарлықтай тәжірибесі мен беделі бар, олардың технологиялары мен өнімдері Қазақстан экономикасының түрлі секторлары үшін пайдалы болуы мүмкін.