Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Армения астанасында алғаш рет өткен «Yerevan Dialogue 2024» халықаралық форумына қатысты. Аталған форум өзекті халықаралық мәселелерді талқылау үшін, бірінші кезекте, жаһандық үдерістер аясында Оңтүстік Кавказ өңірінің даму перспективаларына байланысты саясаткерлер мен сарапшыларды тартатын тұрақты жұмыс істейтін тұғырнама болуға ниетті.
«Байланыстылық геосаясаты: бәсекелестіктен ынтымақтастыққа» панельдік сессиясында сөйлеген сөзінде Ә. Қуантыров теңізге шыға алмайтын елдердің байланыстылығын тиімді қамтамасыз ету үшін бірлесіп әрекет етуі тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте ынтымақтастықты дамыту бір-бірімен шекаралас мемлекеттер арасында ғана емес, сондай-ақ географиялық жағынан бір-бірінен алыс әріптестер арасында да талап етіледі, мысалы, Орталық Азия елдері мен Армения жағдайындағыдай. Осы орайда қазақстандық спикер Қытай мен Еуроодақты сауда тізбегімен байланыстыра отырып, Қытайдың «Белдеу және жол» бастамасы мен «Global Gateway» еуропалық бағдарламасымен бір мезгілде қолдау көрсетілетін Транскаспий көлік бағдарына назар аударды.
Ә. Қуантыров ТХКБ сәйкес көрсеткіштерін келтіріп, ол бойынша жүк тасымалдау көлемі 1,6 есеге өскеніне және 2024 жылдың жеті айында бағыт бойынша 2,6 млн тонна жүк тасымалданғанына, бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 1 млн тоннаға немесе 63% артық екеніне тоқталып кетті. 2023 жылы осы көлік дәлізімен 2,8 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн тоннадан астам немесе 65% артық.
Сонымен қатар ол Қазақстанның «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін дамытуға да қатысатынын еске салды.