Биыл Түркістан облысында 106,4 мың гектар жерге мақта егілді. Алдын ала болжам бойынша 300 мың тонна мақта жинау жоспарланып отыр. Аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы мақта шаруашылығына жаңа технологияларды, әдістерді енгізу жұмыстарын күшейту керектігін айтты.

– Мақта өсірілетін аудан әкімдері жиын-терім науқанына қолдау көрсетіп, шаруалармен тығыз байланыста жұмыс істеулері тиіс. Мақта шаруашылығына тамшылатып суғару технологиясын кеңінен енгізіңіздер. Бұл бағытта жұмыс әлі де төмен деңгейде. Жаңа тәсілдерді қолданып, мақтаның өнімділігін арттырып, сапасын жақсарту аса маңызды. Сонда ғана шаруалардың жағдайы жақсарып, мақта кластері дамиды, – деген Дархан Сатыбалды аудан әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына тапсырмалар берді.

Облыстық ауыл аруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, жиын-терім науқанына дайындық жүріп жатыр. Мақта қабылдау зауыттары мен арнайы орындарының жұмысы да жүйелене түседі.

Айта кетейік, Түркістан облысында мақта сапасын арттыру мақсатында биыл жаңа тәсілмен 2,5 мың гектар алқапқа мақта егілді. Шетелдік тәжірибе негізінде қолға алынған жаңа су үнемдеу технологиясы өз тиімділігін дәлелдеді. Жаңа су үнемдеу технологиялары суды, электр қуатын, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан 60-65 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары.

Қазақстандық мақта талшығының сапасы төмен болуына байланысты әлемдік нарықта сұраныс болмауда. Жаңа технологияны ендіру есебінен өнімділікпен қатар, мақта талшығының бәсекелестік әлеуеті ұлғаяды.  

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *