Бүгінде Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша әртүрлі пікір айтылуда. Бірқатары елде энергия тапшылығы күн сайын артып келе жатқандықтан бұл аса қажеттілік екенін алға тартса, енді кейбіреулері Қазақстан бұл станцияны салуға әлі дайын еместігін айтуда. Биыл 2 қыркүйекте Қазақстан астанасында парламенттің жаңа сессиясы ашылды. Парламент сенаты мен мәжілістің бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деген тақырыппен халыққа жолдауын жариялаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді деп мәлімдеді. Тоқаев АЭС салу мәселесі бойынша референдум өткізу қоғамда бір жылдан бері талқыланып жатқанын айтып, бұл «азаматтардың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім» деді. «Күн өткен сайын экономикамызға мол энергия қажет болып жатыр. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады», – деп мәлімдеді Тоқаев. Қазіргі кезде әлемнің дамыған және дамушы 30 елінде жиынтығы «200-ге жуық» атом электр станциясы барын айтқан президент, «бұл қуат көзі ел экономикасының ұлғайып бара жатқан қажетін елеулі дәрежеде өтейді» деді.
Қазақстанда атом электр станциясының жобасын іске асыру тұтынушылар үшін электр энергиясының құнын төмендетуге әкелетін экологиялық таза энергияны құруға алғашқы қадам. Сарапшылардың жауабына сәйкес, Балқаш көлінің маңындағы учаскені таңдау кеңестік дәуірден бері қарастырылып, қазір ірі халықаралық ұйымдармен өзара әрекеттесу және кеңесу арқылы жүзеге асырылуда. Халықаралық тәжірибеге назар аударсақ қазір дүние жүзінде 31 ел атом электр станцияларын пайдалануда. Әлемдік энергетикалық дағдарыс жағдайында бірқатар жетекші ел ядролық-энергетикалық бағдарламаларды қайта бастау туралы шешім қабылдады. Мәселен, Францияда 6-дан 14-ке дейін жаңа реакторлар салу жоспарлануда, олардың біріншісі 2035 жылға қарай іске қосылады. Атом энергетикасына Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Беларусь, Бангладеш, Египет сияқты елдер атом электр станцияларын салу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
Былтыр АЭС салынатын ауданды таңдау бойынша жүргізілген зерттеулерді бағалау үшін Қазақстанға халықаралық деңгейдегі мамандар келді. Барлық материалдарды зерделеп, сондай-ақ Балқаш көліне барған сарапшылар АЭС-ті Балқаш маңында орналастыруға кедергі келтіретін факторлар жоқ деген қорытындыға келді. Алайда, АЭС орналасқан жерді неғұрлым егжей-тегжейлі зерделеу үшін табиғи және техногендік сипаттағы ықтимал сыртқы әсерлерді, оның ішінде ықтимал жер сілкінісін қарастыра отырып, инженерлік іздестіру жұмыстары жүргізілетін болады.
Атом электр станцияларына кәдімгі станциялардан артық су қажет емес. Суды мүлдем пайдаланбайтын құрғақ салқындатқыш мұнара технологиясы қарастырылуда. Табиғи су айдындарының жағасында атом электр станцияларын салу тәжірибесі барлық жерде кездеседі және әлемдегі бірде-бір ел станцияның су айдынына теріс әсер ету факторларына тап болған жоқ.
Оңтүстік аймақ елдегі ең ірі электр энергиясын тұтынушылардың бірі болып табылады, бірақ сонымен бірге өзінің генерациялау қуаты бойынша тапшы болып қала береді. АЭС салу өңірді тұрақты және сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ете отырып, бұл тапшылықты азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өнеркәсіпті, инфрақұрылымды дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін болады. 2023 жылдың күзінде МАГАТЭ мамандары Балқаш көлінің маңында АЭС құрылысына кедергі келтіретін факторлар жоқ екенін тағы да растады.
Қазір, халық арасында АЭС салынса, қоршаған ортаға радиоактивті қалдықтар таратылады деген ұғым қалыптасқан. Мамандардың пікірінше радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу үшін АЭС инфрақұрылымы шеңберінде арнайы зауыттар салынады. 1-1,5 миллион халқы бар қаланы электр қуатымен қамтамасыз ете алатын АЭС 60 жыл ішінде 50 текше метр радиоактивті қалдықтар шығарады. Бірақ, радиоактивті қалдықтар ешқайда төгілмейді, оны арнайы қоймаларда тұрақты түрде сақталуы мүмкін. Әрбір заманауи атом электр станциясында ядролық реактордың қорғаныш қабығы, станциядағы апаттық жағдайлар кезінде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрылғы болады. АЭС-тің қоршаған ортаға және тұрғындарға теріс әсер етпейтіні арнайы нормативтік құжаттармен реттелетінін әр адам дұрыс түсінуі керек.