Шымкентте студенттерге арналған жайлы жатақхананың  керектігі жиі айтылып жүрген мәселе болатын. Осы мәселені шешу жолында кезекті бір маңызды қадам жасалды. Жақында 550 студентке арналған студенттер үйі пайдалануға берілді. Жатақхана әр қайсысы 2-3 студентке арналған бөлмелерден тұрады. Барлығы жайлы жиһаздармен, замануи техникалармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, студенттерге қажетті делінген өзге де игіліктер қарастырылған. Ал, ең маңыздысы жатақхана оқу орнына жақын орналасқан.

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында жоғары оқу орындарында студенттік жатақхананы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында шешуді тапсырған болатын. Президент тапсырмасын орындау аясында «SUNRISE CY» ЖШС-і және М.Әуезов атындағы ОҚУ  арасындағы келісімшарт негізінде заманауи жатақхана бой көтерді. Бұл жатақхананың ерекшелігі қонақ үй үлгісінде салынған. Жалпы, биылғы оқу жылында студенттерден 2 565 өтінім түсіп, олардың барлығы жатақханамен толық қамтылды. Пайдалануға беріліп отырған студенттер үйі сол қажеттілікті өтеуге көмектесті, — дейді М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ғани Бесбаев.

Жатақхананың ашылуына университеттің профессор-оқытушылар құрамы, зиялы қауым өкілдері және студент-жастар қатысты. Игі бастамада сөз алған ардагер Жеңісбай Сұлтанов, Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев жас ұрпаққа ізгі ниетін білдіріп, жатақхананың лентасын салтанатты түрде қиды.

«SUNRISE CY» ЖШС-інің директоры Бексұлтан Қуанышбекұлының айтуынша, жобаға 1,7 млрд. теңге қаржы жұмсалған. «Алты және төрт қабатты жатақханада білім алушыларға барлық жағдай жасалған. Әр қабатта заманауи жабдықталған асхана және кір жуатын бөлмелер бар» деп атап өтті Бексұлтан Қуанышбекұлы.

Атап кетейік, Әуезов университетінде барлығы 8 жатақхана болса, жаңа Студенттік үй мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында пайдалануға берілген төртінші нысан екен.

 

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *