Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бұл мәселеге ерекше тоқталды. Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет. Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру, алда атқырылуы тиіс жұмыс барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің көлемін ұлғайту мүмкіндігі сараланды. Бос жатқан жерді мемлекетке қайтарып, ауыл тұрғындарын ортақ жайылыммен қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында атқарылған жұмыстар баяндалды.
Түркістан облысында жайылымдарды халыққа қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 2023 жылы жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құрады. Осы бағытта ортақ жайылымның көлемін ұлғайтып, елді мекендегі мал бастарын шалғайдағы маусымдық жайылымдарға шығаруды ұйымдастыру, аудандарда мал бордақылау алаңдарын және отбасылық сүт фермаларын арттыру жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде елді мекендер 1,3 млн гектар ортақ (қоғамдық) жайылыммен қамтамасыз етілді.
2024 жылға облыстағы жайылым тапшылығы төмендеп, 608,0 мың гектарды құрады. Түркістан облысында жайылым жердің жалпы аумағы (7 санат бойынша) 8 млн. 850 мың гектардан асады. Шаруашылық жүргізуші кәсіпорындар үшін жайылым жер жеткілікті. Негізгі мәселе – мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылығында. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мәселенің шешілуі қатаң бақылауда екенін айтты. Төрт түлігімен күн көрген ауылдағы ағайынға жетпеген жайылым проблемасына қатысты жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.