Абай күні мерекесіне арналған “Абай әлемі” қалалық байқауының қорытындысы шығарылды. Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі әлеуметтік желідегі байқауды биыл екінші жыл қатарынан ұйымдастырды.
Абай саябында өткен бүгінгі іс-шара Абай Құнанбайұлының шығармашылығын кеңінен насихаттау, қала тұрғындарының рухани танымын кеңейту, оқу дағдысын жетілдіре отырып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапхана оқырмандарының санын арттыруды мақсат еткен.
Меркелік жиын Абай саябағындағы хакімнің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Одан әрі «Абай әлемі» қалалық байқауы қорытындыланды.
Қала тұрғындары арасында жыл сайын дәстүрге айналған «Абай әлемі» байқауында биыл 200-ге жуық адам бақ сынады. Байқаудың шарты бойынша көп қаралым жинап ІІ-кезеңге өткен 30 қатысушы өзара сынға түсті.
Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова хакім Абай ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқанын атап өтіп, дәстүрлі байқауға қатысушыларға алғысын жеткізді.
Сонымен, биылғы байқауда 10-18 жас қатысушылар арасында Анеля Керімбай, 18 жастан жоғары қатысушылар арасында Әзімхан Исабек бас жүлдені иеленді.
Көпшілік іс-шараға қаланың шығармашыл зиялы қауымы өкілдері, ақын-жазушылар, Абайтанушы ғалымдар, кітапхананың белсенді оқырмандары қатысты.
Сонымен қатар, қала тұрғындары мен келушілер жергілікті өнерпаздардың поэтикалық атмосферадағы концерттік бағдарламасын тамашалады.