Түркістан облысының аудан, қалалары Түркістанға қарап бой түзейтінін ескерсек, мұндағы жұмыс сапалы әрі мазмұнды болуы керек. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдерінің даму тұжырымдамаларын тыңдауда. 2025-2030 жылдарға арналған «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштері және резервтер, қаланың әлеуметтік экономикалық дамуы туралы Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков есеп берді.
Түркістанның даму барысы талқыланған мәжілісте Дархан Сатыбалды қала әкіміне инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыс атқаруды тапсырды. Мәжілісте шаһардың өзекті мәселелері ортаға салынып, шешу жолдары талқыланды. Өңір басшысы кемшіліктерге жеке-жеке тоқталып, жұмыс барысындағы олқылықтарды ортаға салды. Халықпен алғашқы жартыжылдықтағы кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысы сараланды. Облыс әкімі шаһарды жан-жақты дамытуға күш салынып, көгалдандыруға басты назар аударуды тапсырды.
Түркістан қаласы аумағын көгалдандыру мақсатында қаланың жасыл қорын көбейту, қайта құру және дамыту қазан-қараша айларында ағаш көшеттерін егу жұмыстары жүргізіледі. Осы мақсатта, күз мезгілінде жалпы 205 000 дана жапырақты, жемісті, бұталы ағаштар егілу жоспарлануда. Жасыл белдеуге 2 427,5 га жер аумағы өткізілді. Қосымша 348,5 га құрайтын жер беру жоспарлануда. Жер телімдеріне зерттеу-зерделеу жұмыстары жүруде.