Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Торе Нэрланд бастаған «Bike for Peace» әйгілі норвегиялық үкіметтік емес ұйымының делегациясын қабылдады.
Кездесудің басында Р. Василенко Т. Нэрландты 70 жылдық мерейтойымен және Қазақстанның мемлекеттік наградасы – II дәрежелі «Достық» орденін алуымен құттықтады. «Бұл лайықты марапат жеке Сіздің және жалпы «Bike for Peace» қозғалысының жарты ғасыр бойы халықаралық аренада бейбітшіл бастамаларды ілгерілетуге қосқан үлесіңізді, сондай-ақ Мемлекет басшысының қазақ-норвегиялық ынтымақтастықты кеңейту мен тереңдетудегі Сіздің рөліңізді бағалауын да көрсетеді», – деді ол.
Кездесу барысында сұхбаттастар халықаралық қатынастар, ядролық қарусызданудың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады.
Р. Василенко Норвегия делегациясын ядролық қарудан азат әлем құруға бағытталған Қазақстанның дәйекті саясаты туралы хабардар етті. Атап айтқанда, СІМ басшысының орынбасары елімізде және халықаралық деңгейде Қазақстан бастамашы болған Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған алдағы іс-шаралар туралы хабарлады.
Өз кезегінде Т. Нэрланд Қазақстан мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жоғары награда үшін алғысын білдіріп, «Bike for Peace» өкілдерінің елімізге сапардың жоспары туралы айтты. Делегаттар Астана, Алматы және Семей қалаларына барып, ядролық қарусыздану тақырыбында іс-шараларға қатыса отырып, жоғары оқу орындарында кездесулерді және веложарыстарды өткізеді.