Елімізде парадзюдодан тарихи дода IBSA Judo World Championships Astana 2025 әлем чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл – Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған және парадзюдо тарихында ерекше маңызға ие байрақты бәсеке.

Төрт жылда бір рет өтетін әлем чемпионаты – парадзюдошылар үшін Паралимпиада ойындарынан кейінгі ең беделді турнирлердің бірі. 

Бұл жолы дүбірлі додаға әлемнің 40-қа жуық елінен 350-ден астам спортшы қатысып жатыр. Қатысушылар қатарында 10 Паралимпиада чемпионы мен 12 Паралимпиада ойындарының жүлдегерлері бар. Олар әлемдік рейтинг ұпайларын жинап, 2024 жылы Парижде өткен Паралимпиададан кейінгі жаңа циклге жолдама алу үшін күреседі.

Дзюдо Қазақстанда қарқынды дамыған спорт түрі. Біздің спортшыларымыз әлемді додаларда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Париж-2024 паралимпиада ойындарында ұлттық құрамамыз 1 алтын, 1 күміс, 3 қола меадь жеңіп алған болатын. Ол ел абыройын асқақтатып, осындай дүбірлі додалардың Қазақстанда өтуіне мүмкіндік берді. Соның бір дәлелі осы әлем чемпионаты. Жоғары, білікті белдесулер өтіп жатыр. Спортшыларға сәттілік тілеймін, — деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Чемпионатта 10 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынады. Ерлер арасында 70 кг, 81 кг, 95 кг және +95 кг салмақта жарыс өтсе, әйелдер арасында 52 кг, 60 кг, 70 кг және +70 кг салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар анықталады.

Сонымен қатар, Халықаралық зағиптар спорты қауымдастығы (IBSA) тәжірибе ретінде Олимпиада бағдарламасына кірмейтін екі салмақта – ерлер арасында 64 кг және әйелдер арасында 46 кг салмақ дәрежелерінде де медальдар үлестірмек. Бұл қадам – спортшылардың әлеуетін кеңінен бағалауға және жас таланттарға мүмкіндік беруге бағытталған.

Жарысты IBSA (International Blind Sports Federation) және Халықаралық дзюдо федерациясы, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан дзюдо федерациясының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Парадзюдо елімізде қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі саналады. Соңғы жылдары халықаралық аренада ел намысын қорғаған спортшыларымыз әлемдік деңгейдегі жарыстарда тұрақты түрде жүлделі орындардан көрініп жүр.

IBSA Judo World Championships Astana 2025 турнирі тек спорттық ғана емес, әлеуметтік маңызы зор іс-шара. Бұл жарыс мүмкіндігі шектеулі жандардың спорттағы жетістігін паш етіп, инклюзивті қоғам құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланады.

IBSA Judo World Championships Astana 2025 чемпионаты аясында жарыс бағдарламасынан бөлек, бірқатар мәдени-танымдық және әлеуметтік бағыттағы іс-шаралар өткізіледі. Атап айтқанда, шетелдік спортшылар, делегациялар мен көрермендер үшін Астана қаласының туристік әлеуетін таныстыратын ақпараттық алаңдар, экскурсиялар және мәдени бағдарламалар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, еріктілермен жұмыс жүргізу, инклюзия тақырыбын кеңінен насихаттау және параспортты қолдауға бағытталған арнайы жобалар қолға алынады.

Бұл чемпионат Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін арттыра отырып, елдегі параспортты дамыту ісіне серпін береді. Сонымен қатар, қоғамда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға деген көзқарасты өзгертуге, тең мүмкіндіктер қағидатын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды оқиға болмақ.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *