Әлеуметтік желіде мұғалімнің оқушыларға қатыгездік көрсетіп, балағаттаған сәті түсірілген видео кеңінен таралуда. Онда педагог балаларға дауыс көтеріп, оларға қол жұмсап жатқаны байқалады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Желіде тараған мәліметке сүйенсек, оқиға Алматы облысы Шонжы ауылындағы мектептердің бірінде болған. Видеолардың бірінде мұғалімнің оқушыны итеріп, оны ұялы телефонына түсіріп жатқаны көрінеді.
Басқа кадрларда педагог оқушыларды «ақымақ», «мисыз» деп балағаттап жатқан сәттері бейнеленген.
Бұл жағдай қазақстандық желі қолданушылары арасында үлкен резонанс тудырды. Бірі мұндай әрекетті мүлде қабылдауға болмайды деп есептесе, енді бірі қазіргі балалардың тәртібі нашар, сондықтан мұғалімдерге сабақты басқару қиынға соғып жатыр деген пікір білдірген.
Алматы облысы білім басқармасының мәліметінше, дау туғызған ұстаз – 36 жылдық еңбек өтілі бар педагог.
Сабақ арасындағы үзілісте болған мұғалімнің бейәдеп әрекеті бойынша мектеп әкімшілігі ішкі тексеріс жүргізді. Видеода мұғалімнің оқушыларға қол көтеріп, тіл тигізгені анық көрінеді. Тексеру нәтижесінде педагогикалық әдеп нормаларын бұзғаны үшін мұғалімге қатаң сөгіс берілді. Мектеп әкімшілігі жағдайды бақылауда ұстап отыр, – делінген аудандық білім бөлімінің хабарламасында.
Басқарма өкілдері оқиғаны толық зерттеу үшін арнайы комиссия құрылғанын, сонымен қатар 2024-2025 оқу жылында мұғаліммен профилактикалық жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді.
Бұл оқиға бойынша Алматы облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне сұрау жолданды. Мәселе педагогикалық этика кеңесінде қаралады, – деді облыстық білім басқармасы.