Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдерінің даму тұжырымдамаларын тыңдауды бастады. 2025-2030 жылдарға арналған «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштері және резервтер туралы бүгін Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай баяндады.
Аймақтың дамуының негізгі мақсаттары, алда қол жеткізетін көрсеткіштер, басты бағыттар мен экономикалық бастамалар осы құжатқа енгізіледі. Ауданды дамыту үшін негізінен ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бағытында жұмыс атқарылмақ. Ол үшін инвестиция тарту, жаңа технологияларды ендіре отырып, өнімділікті арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендетуді басым бағыт ретінде таңдалып отыр.
– Әр ауданның өз бағыты, бренді қалыптасу керек. Сол бағыт бойынша дамығаны дұрыс. Әкімдердің жұмысы халықтың әл-ауқатына байланысты бағаланады. Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеті – өмір сүру сапасын жақсарту. Осы бағытта жан-жақты мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмысты жандандыру керек. Индикаторлар орындалуы тиіс. Отырар ауданының потенциалы жоғары. Ауыл шаруашылығын дамыту, егістікті тиімді игеру, су үнемдейтін жаңа технологияларды пайдалану керек. Туризмді, сауықтыру туризмін дамыту керек. Ауданда мал бордақылау алаңы аз. Австралиялық әдісті пайдаланып, мал шаруашылығының өркениетті саудасына көшу керек. Бесінші континенттің ірі және қазіргі заманғы мал биржаларының өзі алақандай жерде 20 мыңға дейін мал басын ұстайды. Тек берілген тапсырманы ғана орындап отыра берсеңіздер, дамымаймыз. Бюджетке қарап, соны игеруді – қате. Ондай заман бітті. Әр аудан әкімінің жүйелі жұмысы, бағыты болу керек. Іздену керек, – деді Дархан Сатыбалды.