Жаңашыл жастарға жол ашық. Өңірлік кадрлық резервіне қабілеті жеткен кез келген жастың ілігу мүмкіндігі бар. Елімізде алғаш өтіп жатқан байқауда басқару қабілеті бар дарынды жастар бос тұрған лауазымдардың тізгінін ұстап, өздерін көрсете алады. Түркістан облысында Өңірлік кадрлық резервке іріктеудің қорытынды кезеңі басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған бұл жоба жас менеджерлер пулын қалыптастыруға және мемлекеттік қызметке дарынды жастарды тартуға бағытталған.
Алғаш рет өтіп жатқан байқауға 634 үміткерден өтінім түскен. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен басталған кадр комиссиясы алдында байқаудың «құрылымдық сұхбат» кезеңіне өткен 50 үміткер өз жобасын қорғады. Дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты болған сайыстан үздік деп танылған 30 жас өңірлік резерв құрамына кіреді. Соңғы іріктеуге келген әр үміткермен әкім жеке сұхбат құрып, бағыт-бағдар берді.
Іріктеуде 35 жастан аспаған, жоғары білімді жəне 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары onir.pkrezerv.gov.kz сайтында құжаттарын тапсырады. Наурыз айынан бері байқауға өтінім берген азаматтар іріктеудің үш кезеңінен өтті. Жобаның заңнама білу, жеке қасиеттері мен құзыреттерін бағалау сынды алғашқы кезеңдерін сәтті тапсырғандар бүгін әңгімелесуден өтіп жатыр.
Іріктеу өңірдегі 6 салалық бағыттағы кадр қажеттілік ескеріле отырып айқындалды. Өңірлік кадрлық резервке үміткерлер индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары және цифрландыру салаларын дамыту бағытында бақ сынады.