ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындармен кездесті.
Сенаторлар алдымен “Шымкент қаласының жедел медициналық жәрдем станциясының” қызметкерлерімен жүздесті. Стансаның бас дәрігері Гүлнәр Құрманбекованың айтуынша, медицина ұйымында жас мамандар қатары көбейген. Олар маусымдық киімдермен қамтамасыз етілуде. Қызметкерлердің жалақысы да көтерілген.
А.Қапбарова денсаулық сақтау жүйесіне жеткілікті қаражат бөлініп жатқанын атап өтіп, жедел медициналық қызметтің сапасын көтеруде ұсыныстар мен мәселелер талқылануы қажет екенін айтты. Ендігі ретте жалақыны көтеру — басты назарда.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшы Н.Асылбеков материалдық-техникалық базаны жаңартуда келесі жылы тағы жаңа көліктер алынатынын мәлімдеді.
Сенат депутаттары “Шымкент қаласының кәсіподақ орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің өкілдерімен кездесу өткізіп, кәсіподақ ардагерлері, бастауыш ұйым төрағаларының талап-тілектерін тыңдады.
Н.Бекназаров Парламент мінберінде азаматтардың еңбек жағдайларын қорғауда жиі мәселелер көтеріліп жатқанын, еңбек адамдарының құқығын қорғау маңызды мәселе екенін атап өтті. Сенатор заңдағы бірқатар өзгерістерден хабардар етті.
Сондай-ақ, Сенат депутаттары Әл-Фараби ауданы тұрғындарының мәселелерін тыңдап, Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Тұрғындардың сауалдарына жан-жақты жауап берді.