Қытайды зерттеу орталығы Қытай Халық Республикасының құрылғанына 75 жыл толуына арналған семинар өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шара барысында сарапшылар Қытайдың трансформациясының негізгі аспектілерін, оның жетістіктері мен Қазақстанмен ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Жиын ҚХР-ның тарихи жолын, оның инновациялық және экономикалық әлеуетін талдап, ғылым, экономика және мәдениет салаларындағы қазақ-қытай байланыстарын тереңдету бағыттарын анықтау мақсатында ұйымдастырылды.
Қытайды зерттеу орталығының директоры Гүлнар Шаймергенова Қытайдың әлемдік державалардың бірі болу үшін өткен 75 жылдық жолының ауқымдылығы мен маңыздылығы бойынша ерекше әрі таңқаларлық екенін айтты. Экономикалық даму, ғылыми-техникалық инновациялар, экологиялық трансформация және халықаралық ынтымақтастық Қытайдың соңғы онжылдықтардағы айрықша жетістіктерінің куәсі.
Сонымен қатар орталық директоры семинар қатысушыларының назарын Қытайдың негізгі жетістіктеріне аударды.
Экономикалық трансформация миллиондаған адамдарды кедейліктен шығарса, Қазақстан маңызды рөл атқаратын «Бір белдеу, бір жол» бастамасы елдер арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтты. Логистика, энергетика және инновация саласындағы бірлескен жобалар болашақ ынтымақтастықтың негізін қалап жатыр, – деп айтты ол.
Ал ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Син Фанфан ол бұл мерейтойды ел тарихындағы маңызды кезең және халықаралық аренадағы жетістіктердің көрінісі ретінде атап өтті.
Кеңесші-уәкіл Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстардың нығайып келе жатқанын айтып, түрлі салалардағы ынтымақтастықтың одан әрі тереңдей түсетініне сенім білдірді. Ол сондай-ақ екі ел халқы арасындағы достықты нығайтуға және жемісті диалог үшін платформа құруға қосқан үлесі үшін шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
Заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибраһимұлы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне талдау жасады.
Сарапшы Қытайдың жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын әлемдік жетекші державалардың бірі екенін атап өтті.
Оның экономикалық және саяси ықпалы халықаралық аренада оны маңызды ойыншыға айналдырады. Қазіргі тұрақсыздық жағдайында Қытай қауіпсіздікті нығайтуға және бейбітшілікті қолдауға бағытталған халықаралық бастамаларға белсенді қатысуда. Мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу, ішкі істерге араласпау қағидаттары сенім мен ынтымақтастық үшін негіз болуда. Қытай БҰҰ, ШЫҰ және БРИКС сияқты көпжақты ынтымақтастық форматтарын белсенді дамытып, жаһандық мәселелерді шешуге өз үлесін қосып келеді. Негізгі бағыттар тұрақтылықты сақтау, терроризмге қарсы күрес, дағдарысқа қарсы бастамаларға қатысу және тұрақты экономикалық өсім үшін жағдай жасау. Қытай жаһандық қауіпсіздікке жаңа көзқарастар қалыптастырып, ұзақ мерзімді тұрақтылық пен өркендеуге ықпал ететін шешімдер ұсынып жатыр, — деді Жамаладен Ибраһимұлы.