Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Еуропа және Солтүстік Атлантика бюросының директоры Николя Ралломен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның ИКАО-мен өзара іс-қимылының кең ауқымды мәселелерін, соның ішінде ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыруды, азаматтық авиацияға заманауи технологияларды енгізуді және халықаралық стандарттарды сақтауды талқылады.
А. Рахметуллин еліміздің авиация саласын нығайтуға және дамытуға бағытталған қазақстандық бастамаларды қолдағаны үшін ИКАО-ға алғысын білдірді. Сондай-ақ ол 2024 жылғы 6-8 қараша аралығында Алматыдағы ИКАО-ның Қауіпсіз аспан жөніндегі консультативтік комитетпен бірлесіп ұйымдастырылған «Тәуекелдерді бағалау және жанжалды аймақтардың үстінен немесе оған жақын ұшу» өңірлік семинарының маңыздылығын атап өтіп, іс-шараның авиацияны орнықты дамыту саласындағы тәжірибелермен алмасуға бірегей мүмкіндіктер туғызатынын жеткізді.
Өз кезегінде Н. Ралло ИКАО-ның Қазақстанға азаматтық авиацияны дамытуда жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырып жатқанын жеткізді.
Тараптар өзекті мәселелерді шешу және азаматтық авиация саласындағы ортақ мақсаттарға қол жеткізу бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.