Онкүндік аясында ұландықтар Абай мұражайында экскурсия, тақырыптық кештер мен ақпараттық сағаттар ұйымдастырылып, челлендждер өтті.
Өткен аптада Қазақстан халқы ұлы ақын және ойшыл Абай Құнанбаевтың туылғанына 179 жыл толуын атап өтті. Ұлттық ұлан әскерінде 5 мен 14 тамыз аралығында «Абай жолы – болашаққа бағдар» тақырыбында Абай онкүндігі ұйымдастырылды. Абай күніне орай Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде Абай оқулары, әдеби кештер, викториналар мен мәнерлеп оқу сайыстары өткізілді. Әскери қызметшілер ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы айтып берді.
Іс-шарадан ҚР Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің қызметшілері де шетте қалмады. Мұнда жазушының туған күніне орай, мерзімді қызмет сарбаздары арасында поэзиялық байқау өтті. — «Байқау екі кезеңді қамтыды. Бірі – Абай өлеңдері, екіншісі – қара сөздерін оқу болды.
Іс-шараның мақсаты — ұлы ақынымыздың көрнекті шығармашылығын насихаттау», — деді 6506 әскери бөлімінің мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі офицері сержант Бекжан Мәлік.
Сонымен қатар, байқауға қатысушылар мен қонақтар үшін әскери бөлімнің клубында Абай кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды. Шығармашылық байқаудың қорытындысы бойынша: I орынды — қатардағы жауынгер Бекжан Ермағамбетов, II – қатардағы жауынгер Жақсылық Азамат, III — қатардағы жауынгер Смағұлов Жасұлан иеленді.
Ал, шараға белсене қатысушылар алғыс хат пен түрлі сыйлықтарға ие болды. — «Менің ойымша, Абай атамыздың шығармалары елдің жас ұрпағы үшін өлмес байлық. Абай шығармашылығын насихаттаумен қатар, іс-шара оқырмандардың қазақ тіліне, оның мәдениеті мен жалпы отандық әдебиетке деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды», — деді тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бастығы подполковник Руслан Бектұрсынов.
Айта кету керек, онкүндік аясында ұландықтар Абай мұражайында экскурсия, тақырыптық кештер мен ақпараттық сағаттар ұйымдастырылып, челлендждер өтті.