Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық даму болжамы талқыланды. Қалаға іргелес аумақтарда тарихи және көне ескерткіштердің орналасуына байланысты туризм дамып келеді. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың болуы да облыс орталығын ерекшелендіріп отыр. Өңір басшысы қала дамуына қажетті инфрақұрылымның төмендігін алға тартып, жан-жақты жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

– Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі де бекер емес. Облыс орталығында халық саны артып келеді, жұмыс күші де жеткілікті. Барлық жағынан дамуға мүмкіндік бар. Халықаралық әуежайдың салынуы, «Батыс Европа – Батыс Қытай» автодәлізі мен теміржол торабының бойында орналасуы туристерді көптеп тартуға серпін береді. Жуырда өткен инвестициялық форумда біраз келісім жасалды. Соның өзі шаһардың экономикасын көтеруге үлес қосады. Бірақ мұнымен шектелмей, инвестиция тартуды тоқтатпау керек. 2030 жылға қарай Түркістан өзін-өзі қаржыландыратын шаһарға айналуы тиіс. Осы бағытта жұмысты күшейтіңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиын барысында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы баяндама жасады. Оның айтуынша, қала халқы 234 мыңнан асты. Экономикалық белсендісі 83 мыңнан асса, оның жұмыспен қамтылғаны 80 мыңға жуықтаған. Соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 30 мың адамнан асып отыр. «Қаланың жалпы өңірлік өнім көлемін 2030 жылға қарай 2,8 есе арттырамыз», дейді қала әкімі.

Соңғы 4 жылда қала экономикасына 1,3 трлн. теңге инвестиция тартылған. Алдағы 6 жылда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемін 4,6 трлн. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Талқылауда Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен Облыстық туризм басқармасының басшылары баяндама жасап, ұсыныстарын жеткізді.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *