Түркістанда «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумы өтіп жатыр. Келелі басқосуға отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысты.
Форумның пленарлық сессиясы әрі қарай тақырыптық панельдік отырыстарға жалғасты. «Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы – 2025» тақырыбында өткен сессияда Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов форумның маңыздылығына тоқталып, Түркістан облысы туризм саласында жоғары әлеуетке ие екенін атап өтті.
– Түркістан облысы – Ұлы Жібек жолының тарихи, әрі мәдени орталығы. Аймақтың мәдени, тарихи және табиғи байлықтары шетелден келетін туристердің қызығушылығын жылдан-жылға арттырып келеді. Бүгінгі форумды пайдалана отырып, біз Қытай Халық Республикасымен инвестициялық және туристік әріптестікті дамытуға үлкен үміт артып отырмыз. Өткен жылы екі елдің Мемлекет басшыларының «Визасыз режимді» қабылдаған сәтінен бастап туризм саласындағы байланыстар нығая түсті. Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы аясында бірқатар туристік көрмелерде, роуд-шоуларда облыстың туристік әлеуеті таныстырылды және бірқатар келіссөздерге қол жеткізді. Келесі жылы Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы аясында туризм және авиация салаларында көптеген бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз. Жаңа туристік бағыттарда рейстерді ашу, бірлескен туристік маршурттарды жүзеге асыру, туризм және авиация саласындағы инвесторларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Әрбір жоба біз үшін маңызды және сіздермен бірге жаңа бастамаларға қол жеткіземіз деп үміттенемін, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.
Облыс әкімдігі туризмді дамыту және туристік инфрақұрылымдарды жақсарту үшін қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ өңірдің халықаралық көлік логистикасына баса назар аударылып отыр. Өңірдегі жаңа халықаралық әуежай өз қызметін көрсетуде. Қазіргі әуежай – әлемдік стандарттарға сәйкес, ИКАО-ның 1-санаты бар жаңа нысан.