Түркістан өңірінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен мақта кластерін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған бастама аясында Арыс қаласында мақта өнімділігі мен сапасын ұлғайту жұмыстары қолға алынып, биыл су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 1,2 мың гектар алқапқа элиталы сортты мақта егілді.
Бүгінде шетелдік тәжірибе негізінде қолға алынған жаңа су үнемдеу технологиясы өз тиімділігін көрсетуде. Инновациялық әдіс, шаруалар мен инвесторлардың оң бағасын алды. Мақта алқаптарына қолданылған су үнемдеу технологиясы суды, электр қуатын, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдалана отырып, гектарынан 60-65 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіш байырғы тәсілмен салыстырғанда екі жарым есеге жоғары.
Шаруалардың айтуынша, жаңа технологияның арқасында қоза көсегі толықтай ашылған. Сондай-ақ, алғашқы көрсеткіш өте жақсы болып отыр.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-де орналасқан мақта алқабына арнайы барып, диқандармен және шетелдік инвесторлармен кездесті. Кездесуге қалалық мәслихат депутаттары, ардагерлер, шаруалар және халық қалаулылары да арнайы қатысты.
Кездесудің мақсаты – мақта шаруашылығын одан әрі дамыту және ауыл шаруашылығы секторына салынған жаңа шетелдік технологиялармен танысу болды.
Әкім кездесу барысында жаңа жұмыс орындарын құру, оның ішінде жергілікті арыстық азаматтарды бірінші кезекте жұмысқа тарту мәселесіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар жұмысшыларға қолайлы жағдай жасау мәселесіне баса назар аударды. Оның ішінде жатын орын, үш мезгіл тамақпен қамтамасыз ету және санитарлық талаптардың қатаң сақталуы – негізгі міндеттер екенін баса айтты.