Шымкент қаласының Еңбекші ауданында кәріз жүйелерін дамыту, автожолдарды жөндеу және көшелерді жарықтандыру бағытындағы маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып, жаңа жобалар қолға алынды. Аудан аумағында кәріз жүйесімен қамтылу көрсеткіші 41%-ды құрайды. Алайда бұл бағытта бірқатар маңызды жобалар жүзеге асуда. Ұлағат шағынауданында 2248 абонентке арналған кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Құрылыстың кейбір бөліктерінде мәселелер туындап, оларды экономикалық тергеу департаменті тексеруде екенін айтты аудан әкімі Досбол Күздікбайұлы.
Сонымен қатар, Жұлдыз тұрғын алабындағы көпқабатты 27 үйді (175 пәтер) кәріз жүйесімен қамту жұмыстары аяқталды. Ал Базарқақпа тұрғын алабындағы Достық көшесіндегі 270 абонентті кәріз жүйесіне қосу үшін жобалау-сметалық құжаттар дайындалуда. Ауданның жалпы ұзындығы 732,91 шақырымды құрайтын 728 көшесі бар. Жолдардың 73,1%-ы асфальтталған, 21,6%-ы тас жолдар, және 5,3%-ы топырақ жолдар болып табылады. Сондай-ақ, ауданда бүгінгі таңда 117 көше жарықтандырылған. 2023 жылы 28 көше жарықтандырылды, ал 2024 жылға жоспарланған 244 көшенің 129-ында жарықшамдар орнатылып, іске қосылды. Қалған 115 көшеде жұмыстар жалғасуда. Аудан әкімі баспасөз бринфингінде Шымкент қаласының Еңбекші ауданында 2022 және 2023 жылдары спорт алаңшалары мен гүлзарлар салу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, 2024 жылға жаңа жобалар жоспарлануда екендігін де баянбап берді.
Бұл бастамалар аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және салауатты өмір салтын қолдауға бағытталған. Қазіргі таңда Еңбекші ауданында 56 ашық спорт алаңшасы орналасқан. 2023 жылы аудан аумағында қосымша 7 спорт алаңшасы орнатылып, тұрғындардың пайдалануына берілді. Ал, 2024 жылға жоспарланған 8 ашық спорт алаңшасының 2-інде құрылыс жұмыстары басталып, қалған 6 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу іс-шаралары жүргізілуде. Еңбекші ауданы әкімінің аппараты 2024 жылы қосымша 5 гүлзар салуды жоспарлап отыр. Бұл жобалар аясында мердігер мекемелермен келісім шарттар жасалып, жұмыс белсенді түрде жалғасуда.
Еңбекші ауданындағы спорт алаңшалары мен гүлзарлар салу жұмыстары аудан тұрғындарына қолайлы орта жасауға және олардың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар. Бұл жобалар алдағы жылдары да қарқынды түрде жалғасып, қала көркі мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруды көздейді.