Шымкентте Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібінде сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ жойқын жер сілкінісі жағдайында азаматтық қорғаныс қызметінің күштері мен құралдарының дайындық деңгейі талқыланды.
Жиынға жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, ұялы байланыс операторлары, төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері, сондай-ақ басқа да уәкілетті органдар қатысты. Кездесу барысында қаладағы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері және оны шешу жолдары, «Азаматтық қорғаныс орталығын құру» да талқыланды. Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов, «Шымкент қаласы аумағының сейсмикалық қауіпсіздігі бойынша» төтенше жағдайлар департаменті бастығының, азаматтық қорғау полковнигі Еркін Отарғалымұлының есебін тыңдады. Жалпы, қала аумағы жер сілкінісі болатын төтенше жағдайларға дайын ба, деген сұраққа жауап берді.
– Қала аумағында бір сейсмостанция бар. Сейсмостанция ғимаратының жағдайы күрделі жөндеуді, ал қолда бар жабдықтар жаңартуды қажет етеді. Соңғы 7 жылда қала аумағында магнитудасы 2 балдан асатын 16 жер сілкінісі орын алған. Ғимараттардың қирауы және құрбан болғандар тіркелген жоқ. Біздің қаламыз үшін жер сілкіністерінің ең үлкен қаупін тудыратын Түркістан облысында (Қазығұрт және Төлеби аудандары) орналасқан Қаржантау тау жоталары болып табылады. Соңғы, 1976 жылы жүргізілген жер топырақтарының құрамын инженерлік-геологиялық зерттеулері қаланың топырақтары сейсмикалық жағынан қолайсыз екенін көрсетті. Осылайша, Шымкент қаласында жер сілкінісі болған жағдайда бір балл жоғары болады, бұл апатты қирауға әкеп соғуы мүмкін,-дейді Еркін Отарғалымұлы.
Жиын соңында, қала прокуроры мегаполис тұрғындарының қауіпсіздігіне қатысты қаралған мәселенің маңыздылығын атап өтті. Жауапты орындаушыларға жоспарланған іс-шараларды аяқтау бойынша кешенді шаралар қабылдау бойынша нақты ұсыныстар беріледі.