Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарын ортақ мақсатқа қол жеткізу, яғни санқырлы мемлекетаралық байланысты мүлдем жаңа деңгейге көтеру жолындағы маңызды қадам деп атады.
– Қазақстан мен Түрікменстан ғасырлар бойы жалғасқан достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және ортақ мәдени, тарихи құндылықтарға арқа сүйей отырып, бауырлас мемлекеттер ретінде берік әрі үйлесімді байланыс құра білді. Біздің осынау ынтымақтастығымыз стратегиялық серіктестік бағытында дамып келеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары сауда-экономикалық ынтымақтастықта айтарлықтай ілгерілеу бар. Сонымен қатар Қазақстан Түрікменстанға экспорттың жалпы көлемін 80 тауар түрі бойынша 120 миллион долларға дейін ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді.
Президент екі елдің іскер топтары арасындағы байланысқа қолдау көрсетудің маңызына тоқталды.
Қазақстан Президенті мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың дәйекті түрде дамып келе жатқанын, сондай-ақ жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың келешегі кемел екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдаланып, туысқан түрікмен халқын әйгілі ақын Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Сердар Бердімұхамедов Қазақстан Президентінің Түрікменстанға сапары екіжақты ықпалдастықты кеңейту тұрғысынан маңызды деп санайды
Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен болашағы талқыланды. Газ саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру, өзара сауда мен екі елдің аумағы арқылы тасымалданатын жүк көлемін жүйелі түрде арттыру, сондай-ақ өңіраралық ықпалдастықты жандандыру мәселелеріне айрықша мән берілді.
Осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов шағын құрамда келіссөз жүргізгенін жазған едік.