Райымбек Сейтметов театры В.Шукшиннің 95 жылдығына орай Барнаул қаласында екінші рет өткізілген «Здравствуйте, люди!» атты театр фестиваліне қатысты. Театр ұжымы В.Шукшиннің «Ауыл әңгімелері» трагикомедиясын В.Шукшин атындағы Алтай өлкелік драма театрында сахналады.
Орысша жазылып, қазақы нақышта қойылған спектакль Барнаул жұртшылығын ерекше қызықтырды. Қойылымды тамашалауға келген халықтың қарасы қалыңдығы сонша, залда тіпті ине шаншыр орын болмады. Қойылым барысын бақылап отырған В.Шукшин атындағы Алтай өлкелік драма театры ұжымы қойылымнан алған әсерімен бөлісіп, таңданыс білдірді.
Талантты актерлар сомдаған образдарын көрерменнің жүрегіне жеткізіп, сыншылардың жақсы пікіріне ие болды. Ресей елінің белгілі сыншысы, «Летающий критик» жобасының белді мүшесі Ксения Аитова кәсіби талдау жасап, жоғары бағасын берді. Сонымен қатар, театр ұжымы келесі жылы тамыз айында Мәскеу қаласынан 300 шақырым жерде орналасқан Кинешма қаласының А.Н.Островский атындағы театрында өтетін «ОСТРОВСКИЙ FEST» атты театр фестиваліне дәл осы қойылыммен шақырту алды.
Театрсүйер көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, кәсіби сыншылардың қатал сынынан өткен театр ұжымы В.Шукшин шығармалары бойынша II халықаралық «Здравствуйте, люди!» театр фестиваліне қатысқаны үшін арнайы диплом мен кәдесый (В.Шукшинің мүсінінің кішкентай көшірмесі) және В.Шукшиннің шығармалар жинағымен марапатталды.