Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен барып, мақта терім науқанына дайындық жұмыстарымен танысты.

Ең алдымен Ертай Кенжебекұлы «Хамро ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мен қытайлық «Peng Sheng» компаниясымен біргелікте тамшылатып суғару технологиясымен өсірілген 351 гектар мақта алқабында болып, аудандағы шаруа қожалықтардың басшыларымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында күзгі жауын-шашынға қалдырмай мақта терім науқанын сапалы ұйымдастыру, күзгі жиын-терімге берілетін мемлекеттік қолдауларды өз уақытында көрсету, мақта бағасы және басқа да мәселелер талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары мақтадан гектарына 60-70 центнер өнім алу үшін тамшылатып суғару сияқты жаңа технологияларға көшу керектігін, ол үшін мемлекеттен субсидиялар берілетінін де жеткізді. Сондай-ақ мұндай технологиялар жыл сайын орын алатын ағын су жетіспеушілігінің де алдын алатынын еске салды.

Жалпы биыл ауданда 33,7 мың гектар алқапқа мақта егілген. Қазіргі таңда мақта дақылын дефолиациялау жұмыстары толықтай жүргізіліп, осы дақылдың жиын-терім науқаны басталды. Қазірдің өзінде аудан бойынша 632 гектар мақталық алқап теріліп, 1706 тонна өнім жиналды. Биыл мақта дақылынан алынатын болжамдық өнім көлемі 92,3 мың тоннаны құрап, жалпы орташа өнімділік гектарына 27,4 центнерден болады деп болжануда.

Мұнан соң Е.Алтаев «Cotton мақта» ЖШС-нің мақта өңдеу зауытында болып, дайындығын пысықтады. 2023 жылы ашылған зауыттың құны 3 млрд теңгені құрайды. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 60 мың тонна, тәулігіне  600 тонна мақта талшығын өңдейді. Өндіріс орнында 50-ден астам азамат жұмыс орнымен қамтылған. Жалпы аудан аумағында 8 мақта өңдеу зауыты бар. Оларға тиесілі 33 мақта қабылдау бекеті орналасқан. Одан бөлек, Жетісай және Шардара ауданында мақтааралдық зауыттарға тиесілі 29 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеуде.

Мақта өңдеу зауыттары мақта дақылын өсіруші шаруаларға жылы басынан бері 5 млрд теңге көлемінде алдын ала фючерлік несиелер таратқан. Одан бөлек, «Ырыс» МҚҰ арқылы 114 шаруа қожалығына 503 млн теңге несие берілген. Бүгінгі таңда «ақ алтынның» бағасы әлі нақтыланбаған.

Облыс әкімінің орынбасары «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына қарасты «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-ында да болып, станцияның ғылыми жаңалықтарымен танысты.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *