Бүгінде станцияда мақтаның бәсекеге қабілетті жаңа әрі отандық 13 орта талшықты түрі, сыртқы ортаның қолайсыз факторларына төзімді, өнімділігі жоғары сорттары шығарылды. Топырақты терең қопсыту технологиясы, отандық мақта сорттарын баптаудың екі қарқынды технологиясы, мақтаны жаңбырлатып суару технологиясы, арықшалармен суару технологиясы және мақтаны тиімді суарудың гидромодульдік аудандастыру сияқты технологияларды да дәл осы ғылыми мекеме әзірлеген.
Облыс әкімінің орынбасары станцияның ғылыми жаңалықтарымен толық танысып, жұмысына оң бағасын берді. Сондай-ақ «Global Textile Turkestan» ЖШС-ның мақта қабылдау бекетінің құрылысымен танысты.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өзбекстандық «Global Textile» компаниясының Мақтаарал ауданында мақта кластерін дамыту бойынша 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы бекітілген болатын. Жоспар бойынша компания Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата бояу фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылады.
Былтырдан бастап тәжірибе ретінде компания жеткізген тұқымдық шиттер егіліп, өзбекстандық арнайы агроном мамандар шаруаларға сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде аудан орталығы – Мырзакент кентінде компанияның кеңсесі ашылып, атқарушы директоры тағайындалған. Сондай-ақ компания Бірлік ауылдық округінің аумағынан 10 гектар жерге мақта қыбылдайтын бекет салу жұмыстарын бастап кетті.
Облыс әкімі орынбасарының соңғы аялдаған жері – «Мырзакент» ЖШС-на қарасты мақта өңдеу зауыты. Жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайтын өндіріс ошағының аудандардағы мақта қабылдау пункттерінде мыңға жуық адам еңбек етеді. АҚШ-тың соңғы үлгідегі жаңа технологиясымен жабдықталған зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 60 мың тоннаны құрайды.
Іссапар соңында Ертай Кенжебекұлы Мақтаарал ауданы әкімі аппаратында арнайы жиын өткізіп, осы саладағы түйткілдерді талқылады.