Бүгін Түркістан қаласында 110/35/10 киловольттық «Солтүстік» қосалқы станциясы пайдалануға тапсырылды. Ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтады. Жобаның маңыздылығын айтып, электр қуатының тапшылығын жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында электр қуатының қолжетімді болуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін атап өтті. Жалпы, елімізде электр қуатының тапшылығы сезіліп отырғаны жасырын емес. Облыс аумағында ауқымды өндіріс орындарын ашуда электр энергиясы тапшылығының өз кедергісі бар. Енді біз оны шешу үшін маңызды жобаларды жүзеге асырудамыз. Сонымен қатар облыста жоғары кернеулі қосалқы станциялардың құрылысы жүргізілуде. Бүгін біз 110 киловольттық «Солтүстік» қосалқы станцияның ашылу рәсіміне қатысып отырмыз. Осы станция арқылы «Түркістан» индустриалды аймағында шоғырланған өнеркәсіптік нысандары сапалы электр энергиясымен қамтылады. Жобаны іске асыруда отандық өндірушілердің материалдары мен жабдықтары қолданылды. Сонымен қатар облыстағы индустриалды аймақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында Үкіметке электр энергия бағасын төмендету бойынша ұсыныс енгіздік. Нәтижесінде ұсыныс қолдау тауып, бүгінгі таңда тариф бағасы 47 теңгеден 25 теңгеге түсті. Бұл – өндірісті дамытуға серпін береді. Аталған қосалқы станцияларды іске қосу арқылы энергия тапшылығынан құтылуға жол ашылады. Баршаңызды осы қуанышты сәтпен құттықтаймын! Өндірісіміз өркендеп, өңіріміз дами берсін! – деді Дархан Сатыбалды.
Сонымен қатар Түркістан қаласы аумағында 110/10 киловольттық «Сауран», «Нұртас» қосалқы станцияларының құрылысына жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Құрылыс жұмыстары 2025-2026 жылдары аралығында іске асады деп жоспарлануда.