Қазіргі уақытта Шымкент қаласының білім беру мекемелерінде шамамен 30 мың мұғалім жұмыс істейді және 500 мыңға жуық оқушы мен студент білім алады.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков “Түркістан сарайында” өткен Мұғалімдер күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысып, білім саласының қызметкерлерін маңызды мемлекеттік мерекемен құттықтады. Ұстаз – ең алдымен қадірлі маман, ал ұстаз болу – қастерлі міндет. Қала басшысы іс-шара барысында білім беру саласының үздік қызметкерлеріне алғыс хаттар табыстады. Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп келеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мұғалімдердің мәртебесін көтеруге, білімін жетілдіруге және әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған көптеген шаралар қолға алынған. Қазіргі уақытта Шымкент қаласының білім беру мекемелерінде шамамен 30 мың мұғалім жұмыс істейді және 500 мыңға жуық оқушы мен студент білім алады. Заманауи мектептердің саны жыл сайын артып келеді. Осы орайда, ұстаздардың қоғам мен қала экономикасындағы айрықша орнын атап өтті. «Құрметті ұстаздар! Кәсіби қызметтеріңізге адалдық танытқандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Сондай-ақ, қаладағы білім беру жүйесін дамытуға және жас ұрпақты тәрбиелеуге баға жетпес үлес қосқан ардагер ұстаздарға алғысымды айтамын. Мерекелеріңіз құтты болсын!», — деді, қала әкімі.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, аса жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқарып жүрген педагогтерге алғыс айтқан болатын. Білім беру ісіндегі үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ педагогке «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын тапсырған еді. Марапатталғандар қатарында Шымкенттегі З. Космодемьянская атындағы №23 мектеп директоры Жанар Тойлыбаева бар. Президент еліміздегі оқу-ағарту саласын дамыту жолында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталған болатын.