Зайырлылық және дінтану

Spread the love

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялап, әлем бойынша зайырлы мемлекет ретінде танылды. Елімізде 130-ға жуық этнос өкілдері мен 18 конфессия өзара бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр. Біздің басты мақсатымыз – жастарымыздың деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсіп кетпеуіне жол бермеу. Сондықтан, оларға мұны түсіндіріп, дұрыс  бағыт-бағдар көрсетуіміз керек. Діндер мен дін өкілдеріне қатысты да мемлекет өз тарапынан шектеулер қояды. Мысалы, діни ұйымдардың іс-әрекетінде заң бұзушылық байқалмаған жағдайда олардың өзіндік діни тәжірибесіне араласпау. Азаматтардың дінге қатысты ұстанымына мемлекет араласпайды. Діни көзқарасы үшін ешкім де кемсітілмейді. Әркім өзі үшін қажетті немесе қолайлы деп таныған дінді таңдауға құқылы. Қандай да бір сылтаумен немесе формамен нақты бір дінді ұстануға мәжбүрлеуге жол берілмейді. Зайырлылық қағидаты – діни догманы мемлекеттен алшақтату, бірақ дінді қоғам өмірінен ажырату емес. Зайырлылықтың құндылықтар жүйесі адамның ойлау мәнері мен машықтарынан бастап, киім үлгілеріне дейінгі мәдени феномендерді қамтиды. Мемлекеттің зайырлылығы діннен бөлектігінен ғана емес, сонымен бірге басқа дүниетанымның басымдығын мойындамауымен сипатталады.

Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлек болғанмен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлек емес. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екенін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетінін білдіреді. Мемлекет пен діннің арасында зайырлы әрі рухани құндылықтарға сүйенген жанды байланыстар орнаған. Зайырлы мемлекеттің маңызды сипаттарының бірі – діни сенімдері мен көзқарастары әр түрлі азаматтардың бейбіт қатар өмір сүруі. Яғни зайырлы мемлекет рухани саладағы көптүрлі қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді. Мемлекетті құраушы ұлттың ділін, мәдениетін және руханиятын сақтай отырып, қалай заманауи, дамушы мемлекет болып қала беруге болады деген сұрақ көпшілікті мазалайды. Конституциялық құрылымның зайырлы ұстанымы деген не, ол Қазақстан Республикасындағы ислам дамуына қайшы келмейді ме?

Конституция діни сенім бостандығына кепілдік береді. Сонымен қатар, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР 2011 жылғы Заңы бойынша ханафи мазхабы Қазақстанда дәстүрлі ислам-діни ұстанымы ретінде танылады.

Біз егемендігімізді алғалы бері адамның діни сеніміне қарамастан тең құқылы қарым-қатынас құруды, дін ұстану адам өмірі мен денсаулығына, қоғамдық негіздерге қауіп келтірмейтіндей ережелерді қалыптастырдық. Сондықтан, бүгінгі таңда зайырлылық Қазақстанның рухани дамуының кепілі болып табылады.

Атеизм мен зайырлылықты теңестіруге болмайды. Қазақстан Республикасының Конституциясы діни сенім бостандығына кепілдік береді. Ел президенті «зайырлылық атеисттік дегенді білдірмейді» деп анық айтты.

Әлемдік тәжірибеде зайырлылық діннен бас тарту деп танылмайды. Мысалы, АҚШ – зайырлы мемлекет болғанымен, шенеуніктері, әскери қызметкерлері, куәгерлер Библиямен ант етеді. Ұлыбритания басшысы – королева Англикандық протестанттық шіркеу басы болып табылады. Германияда шіркеу салығын мемлекеттік салық қызметі жинайды. Байқағанымыздай, зайырлылық дінді қоғам өмірінен шығарып тастамайды. Байқағанымыздай, зайырлылық пен руханият бір-біріне қайшы келмейді, себебі зайырлылық ұғымы – мемлекет басқару формасы, ал руханият – дін құраушысы. Зайырлы мемлекетте әртүрлі діни ағымдар өмір сүре алады, барлығына ортақ қағида – азаматтардың заңға бағынып, заң алдында тең болуы.

Ең бастысы, зайырлылықтың идеологиялық негізі жоқ, зайырлылық – дүниетанымдық бейтараптық пен басқару формасы. Егер де зайырлылықты дінге қыспақ жасау деп түсінсек, әлбетте зайырлылық пен руханият арасындағы байланысты түсінуде қиындықтар пайда болады.

Зайырлы, дін ұстанушы азаматтың бейнесі – ол ең алдымен заңға бағынған, өз халқының салт-дәстүріне құрмет көрсететін және діни радикалды деструктивті идеологияны қолдамайтын азамат.

Тыныштық Байманова
ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *