Тәуелсіздікке жету жолындағы үш тарихи маңызды оқиға

Spread the love

Егемендік туралы Декларация, Тәуелсіздік туралы Заң, Қазақстанның тұңғыш Ата Заңының қабылданғанын атап өтуге болады. 1990 жылы 25-қазанда он екінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясы мемлекеттік Егемендік туралы Декларацияны қабылдады. 1991 жылы 16-желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің жетінші сессиясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңы қабылданып, Қазақстан өзін тәуелсіз республика ретінде жариялады.   1991 жылы 21-желтоқсанда Алматы қаласында бұрынғы КСРО құрамына енген он бір тәуелсіз мемлекет басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы Алматы Декларациясына қол қойды. Сөйтіп, ТМД-ға мемлекеттік тәуелсіздік, тең құқылық және егемендік қағидаттарымен кіру туралы шешім қабылданған болатын. Қазақ елі мемлекеттік рәміздерін, яғни Әнұранын, Елтаңбасын, Туын қабылдады. Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін оның өз заңдары мен талаптары болуы қажет. Осы негізде 1993 жылы 23-қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тоғызыншы сессиясы еліміздің тұңғыш Конституциясының жобасын баптары бойынша қабылдауды бастаған болатын. Екі жылға жуық әзірленіп, сессияда үш оқылымда талқыланған мұндай маңызды құжатты қабылдау әр сатыда қызу пікірталасқа ұласып отырды. Сөйтіп, 1993 жылдың 28-қаңтары тәуелсіз Қазақстан тарихына тұңғыш Конституциямыздың қабылданған күні болып енді. Ал 1993 жылдың 15-қарашасы тұңғыш ұлттық валютамыз – теңге дүниеге келді. 1995 жылы 30-тамызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Тағы бір маңызды орын алатын оқиғалардың бірі 1997 жылғы 10-желтоқсанда Елордамызды Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшірілуі болды. Тұңғыш Президенттің 1998 жылғы 6-мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың ­атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10-маусымда өтті. Еуразияның қақ жүрегінде орналасқан арман қала, бейбітшілік қаласы Астана – қазіргі таңда еліміздің жасампаздығының, ұлылығының белгісіне айналды. Тәуелсіздігіміздің 21 жылдығы қарсаңында Елбасымыз Қазақстан халқына жылдағы дәстүр бойынша «Қазақстан–2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жария еткен болатын. Елбасының Жолдауына сәйкес, Қазақстан 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру және әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсаттарын межелеп отыр. Еліміздің елдігін, егемендігін айқындайтын негізгі белгілерінің бірі – әрине, мемлекеттік тіл. Еліміз қуатты болса, мемлекеттік тілдің болашағы да шуақты болатыны анық. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жет­кіз­геніміз баршаға аян. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған парасатты саяса­тының нәтижесі – еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында болып отыр. Сондықтан Тәуелсіздік күні жас мемлекетіміз үшін біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен тату­лықтың, сонымен қатар, өткенге деген тағзымды, са­лауат пен болашаққа деген сенімді үміттің ме­рекесі болып табылады. Ендеше, бар игілігіміздің бастауы болған Тәуелсіздігімізді бағалап, ардақтай білейік, ағайын!

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *