Түркістанда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай «Түркістан — ер түріктің бесігі» атты республикалық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР Атырауда студенттердің «Біз жанбасақ…» республикалық айтысы өтті Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет комитетінің қолдауымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырған айтысқа «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, айтыстың ақтаңгері Еркебұлан Қайназаров және республикаға танымал Мейірбек Сұлтанхан, Біржан Байтуов, Шұғайып Сезімхан, Нұрлыбек Мейірманов, Дәурен Ақсақалов, Ержан Әміров сынды ақындар қатысты. Өнер сайысы түркі әлемінің киесі мен қасиетіне айналған Қожа Ахмет Ясауи және кесене мен оның айналасында жерленген тұлғаларды дәріптеу, Түркістан жайлы тағылымды ой бөлісу, халыққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылған. Айтысты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мәулен Садықбеков ашып, ақындарға сәттілік тіледі. Ұлтымыздың ұлылығы мен қара сөздің қасиетін шабытты шумақпен паш етіп, айтысқа сусаған көрерменге елдік рухты асқақтатар ой салған ақындар әрленген әзілмен де елге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынға түркістандық ақын Бекарыс Шойбеков лайық деп танылса, Нұр-Сұлтан қаласынан келген Еркебұлан Қайназаров екінші орынды, қызылордалық Ержан Әміров пен шымкенттік ақын Нұрлыбек Мейірманов үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ, Қаныбек Сарыбаев атындағы арнайы жүлдемен қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан, Әбдікерім Манапов атындағы арнайы жүлдемен Алматы облысынан Шұғайып Сезімхан, Көпбай Омаров атындағы арнайы жүлдемен Біржан Байтуов, Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы жүлдемен Түркістан облысынан Дәурен Ақсақалов марапатталды.