Түркістан: Тозған техниканы кәдеге жарату, отандық техниканы жеңілдікпен алу

Spread the love

Ауыл шаруашылығы саласында машина-трактор паркін жаңарту жұмыстарын жүргізу күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Ол үшін субсидиялаудың тиімсіз түрлерін қысқарту есебінен, қолда бар мемлекеттік қолдау ресурстарды пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін сапалы және заманауи техникалардың қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделген. Мәселен, отандық техниканы да, шетелдік техниканы да сатып алу кезінде инвестициялық шығындарды субсидиялау бағдарламасы аясында бірдей шарттармен қаржыландыру ұсынылады.  Бұл ретте, субсидияны өтеу мөлшері ауыл шаруашылығы техникасы құнының 25%-ын құрайды. Сонымен қатар, жергілікті жерлердің әкімдіктері субсидиялау мөлшерін өңірлер қаражаты есебінен өз еріктерімен арттыра (35%-ына дейін) алады.  Айта кетейік,  ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға берілетін кредиттер/лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау (10%-ға дейін) бағдарламасы қайта жандандырылды. Сондай-ақ, етті мал шаруашылығын дамыту бойынша инвестициялық бағдарламалардың қатысушылары үшін техниканы сатып алу кезіндегі кредиттер мен лизингтердің сыйақы мөлшерлемесі теңгемен жылдық 4%-дан артық болмайды және кредиттеу мерзімі 15 жылға дейін ұзартылады. ҚР АШМ ақпаратына сәйкес, 2027 жылға қарай 10 мың бірлікке дейін отандық тракторлар және аспалы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланып отыр, бұл отандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасаушылар үшін ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінде және сатылуында қосымша қолдау болмақ. Мұндай қолдау шараларының көлемі біртіндеп ұлғайтылатын болады.  2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға 100 млрд теңгеден 240 млрд теңгеге дейін инвестициялар көлемін және 2021 жылға қарай техниканы жаңғыртудың 2%-дан 6%-ға дейінгі деңгейін қамтамасыз ету жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту және істен шыққан көлік құралдарын кәдеге жарату бағдарламасына сәйкес, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер тозған техникасын кәдеге жаратуға тапсырып, жеңілдік қарастырылған сертификат ала алады немесе отандық жаңа техниканы жеңілдікпен сатып ала алады.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *