Арыс қаласы әкімдігінің Кәсіпкерлік бөлімінде Арыс ауданының прокуроры Талғат Сейдуалиевтің жетекшілігімен мекемеаралық мәжілістің кезекті отырысы өтті. Кәсіпкерлер құқығын қорғау бағытында уәкілетті органдармен бірлесе атқарылған жұмыстарды қорытындылап, өзекті мәселелерді талқылаған жиынға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қала әкімдігінің дербес бөлім басшылары, сондай-ақ, полиция бөлімінің, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Арыс қалалық филиалының директоры, «Аманат» партиясының Арыс қаласы бойынша филиалының атқарушысы хатшысы, кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысты. Басқосуда Арыс аудандық прокуратурасының аға прокуроры Шаһаризада Айтмағанбет пен қалалық «Кәсіпкерлік бөлімі» ММ-нің басшысы Бекбосын Жақсыбек, Түркістан облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Арыс қалалық филиалының директоры Маханбет Төлебеков, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Біләлбеков баяндама жасады. Пікір алмасу кезінде жергілікті кәсіпкерлерді толғандырған өзекті мәселелер айтылып, оны заң шеңберінде шешудің жолдары талқыланып, хаттамаға енгізілді. «Жер қойнауын пайдаланушылар мен оны тасымалдаушылар қызметіндегі заңсыздықтар қоғам тарапынан алаңдаушылық туындатып отыр. Бүгінгі таңда Арыс қаласы аумағында жер қойнауын пайдаланушылар 25 болса, оның 24-і құм өндірушілер мен оны тасымалдаушылар. Әсіресе, бұл жерде құм тасымалдайтын жүк көліктерінің артық салмақ тиеуі мен жол ережесін өрескел бұзу фактілері жиілеген», – деді аға прокурор Шахаризада Аймағанбет. Бұл мәселеге қатысты қосымша пікір білдірген қала әкімі Гүлжан Құрманбекова құм таситын жүк көліктері мен карьер иелерінің кәсібінде кемшіліктер жеткілікті екенін ескертті. «Мысалы, олардың карьерден доңғалақтарын жумай шығуы салдарынан қоғамға қаншама зиян, зардабы тиіп жатыр. Осыған орай, құқық қорғау органдары тарапымен бірлесе отырып, заң аясында шара қолдануды күшейтуіміз керек», – деген қала әкімі карьер иелерінің кәсіпкер ретінде заңды түрде тіркелуіне Арыс қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы немқұрайлы қарайтындығын атап өтті. «Бұл бағытта біз осы кезге дейін бірнеше рет ескертіп, тиісті деңгейде жұмыстар жүргізілуін қамтамасыз етуді өтінгенбіз. Алайда, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан оң шешімдер қабылданбағанын арыз-шағым айтушылардың көптігінен де байқауға болады», – деді Гүлжан Мамытқызы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.