Бәйдібек ауданы тұрғындарымен кездесуде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев шағын бизнесті дамыту бағытындағы жұмысты күшейту керектігін айтты. Өңір басшысы алдымен өз кәсібін жүргізіп отырған азаматтардың өнімдері және ауыл шаруашылығы техникалары қойылған көрмені тамашалап, аудан кәсіпкерлерінің қадамын оң бағалады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант алған іскер азаматтардың кәсібін аудан көлемінде насихаттап, жұртшылықты кәсіпкерлікке баулу маңызды екеніне тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде дағдарысқа қарсы шешімдер қабыданып жатыр. Басты мақсат – азаматтардың табысын төмендетіп алмау, жұмыс орындарын қысқартпау. Бұл ретте Түркістан облысында да «Еңбек» бағдарламасы, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында кәсіпкерлікпен айналысам деушілерге гранттар, көмектер берілуде. Әрине облыста мұнай өңдеу зауыты, цемент зауыты секілді ірі жобалар да атқарылуда. Бірақ қазіргі таңда ірі өндіріс орындарын автоматтандырылғандықтан көп жұмыс күшін қажет етпейді. Сондықтан менің басты үмітім – шағын кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығында. Бір адам кәсіпкерлікті меңгеріп, үш тұрғынды жұмыспен қамтыса, бұл мәселе де шешімін табады. Біз осы салаға басымдық беруіміз керек, – деген өңір басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Шаян төріндегі жүздесуде бәйдібектіктер мектеп салу, газбен қамту, ауыз су, индустриалды аймақтың әлеуетін пайдалану және өзге де мәселелерді көтерді. Өңір басшысы әрбір ұсыныс назарға алынатынын, тұрғындар көтерген бірнеше мәселе кезең-кезеңімен шешіліп те жатқанын атап өтті.
– Бәйдібек ауданында оң өзгерістер бар. Түрлі нысандар салынып, жобалар жүзеге асып жатыр. Өзім осында туып-өскендіктен бұл жердің проблемаларын да жақсы білемін. Ең үлкен мәселе су еді, қазір скважиналар қазылуда. Су қоры анықталды. Бұл істі соңына дейін жеткіземіз. Бұрын Бәйдібекте газ жоқ еді, қазір қамту көрсеткіші еселеп артып жатыр. Кейбір ауылдарға жетпей жатыр, әрине. Оны аяқтаймыз, елді мекендерге газ жеткізіледі, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Кездесуден кейін өңір басшысы тұрғындарды өтініші бойынша жеке қабылдады. Өтініштер назарға алынды, бір тұрғынды жұмыспен қамту мәселесі сол жерде шешімін тауып, тиісті басшыларға тапсырма берілді.
Осы сапарында Өмірзақ Шөкеев Ынтымақ елді мекенін газға қосу іс-шарасына қатысып, тұрғындар қуанышымен бөлісті. Жалпы ауданда газбен қамту жұмысы қарқынды. 2022 жылдың сәуір айында 1 аптаның ішіне 8 ауылға газ берілді. Мыңбұлақ ауылдық округі «көгілдір отынмен» 100 пайыз қамтылды.
Айта кетейік, 2021 жылы ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі 47.1 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,9 млрд. теңгеге артып отыр. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,3 млрд. теңгені құраса, инвестиция көлемі 14,5 млрд. теңгені құрап, 1,3 есеге артқан. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 28 млрд. теңгеден асып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.