Түркістанға келген туристер 100 жылдан астам тарихы бар жәдігерлерді тамашалауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР Наурыз мерекесінде Түркістанға 35 мыңнан астам турист келді Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай Түркістанға келген туристерге қазақ халқының құнды этнографиялық мұраларын насихаттау мақсатында «Бабадан қалған бар мұра» көшпелі көрмесі ашылды. Көрмеге 100 жылдан астам тарихы бар Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан жасақталған 80-нен аса жәдігер қойылды. Қазақ этнографиясынан сыр шертетін көрмені «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» директорының орынбасары Ерсін Тәжібаев құттықтау сөзбен ашып, тарихи жәдігерлер таныстырылымына сәттілік тіледі. Көрме үш бөлімнен тұрды. Қазақтың зергерлік бұйымдары бөлімінде зергерлік өнер мен оның тарихы насихатталды. Әйелдер сырғаларының түр-түрі, шекеліктер, тұмарлар, бойтұмарлар, таналар мен түймелер, әйел белдіктері, білезіктер мен шашбаулар көрме сөрелерінен орын алды. Ал, екінші бөлім «Қазақтың тоқымашылық өнері» деп аталды. Ондағы киіз үйдің тоқыма бұйымдары басқұрлар, жел баулар мен салма баулар, қоржындар мен киізден жасалған аяққаптар, кесеқаптар, кереге бау-таңғыштар көздің жауын алады. Үшінші бөлімде ағаштан ойылған ыдыс-аяқтар топтамасы таныстырылды. Қазақ тұрмысында ас тартуда, қонаққа сый көрсетуде пайдаланған ағаштан жасалған ыдыс-аяқтары, астаулар, табақтар, ожаулар, қымыз табақтар мен кеселер де көрмеге қойылды. Көрме жұмысы 28 наурызға дейін жалғасады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.