Шымкент қаласындағы №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатта Абай аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен жасөсіпірімдер арасындағы қылмыстың және суицидтің алдын алуға арналған жиын өтті.
Абай аудандық прокуратурасының прокуроры Еркін Берік Ермаханұлының айтуынша, осы ауданға қарасты прокуратура өкілдері қаланың Абай аумағында орналасқан 39 мектепте жиын ұйымдастырып, жоғарыда аталған тақырып бойынша оқушылар мен ұстаздар арасында түсініктеме жұмыстарын жүргізген.
Тиісті орган өкілдерінің хабарлауынша, соңғы кезде жасөсіпірімдер арасында соңы өліммен аяқталған немесе ажал құшуға жетелейтін суицидтік әрекеттер көбейген. Мәселен, сондай бір оқиға ата-анасы баласынан ұялы телефонын алып қойғанда орын алған. Прокуратура қызметкерлері бүгінгі таңда жасөспірімдердің өзін-өзі өлімге қию себептерін анықтау, сонымен бірге, жалпы кәмелет жастағы балаларға қарсы немесе солармен бірге жасалатын қылмыстардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды қолға алуда.
Мектептердегі кездесулерге прокуратура органы қызметкерлерімен бірге педагог-психолог, дін өкілдері де қатар тартылған.
–Шынында да жасөсіпірімдер арасында суицид көбейіп жатыр. Қазіргі балалардың психикасы өте әлсіз. Сондықтан ата-аналарға айтарым, ұл-қыздарыңызға арнайы уақыт арнаңыздар. Бірге қыдырып, серуендеңіздер. Олармен сырласып, ішкі жандүниелеріне үңіліңіздер. Олар артында мықты тірегі, қолдаушылары тұрғанын, бұл өмірде жалғыз емес екендіктерін сезінсін, — дейді №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернаттың педагог-психологі Бағила Сапарқұл.
«Шымкент келбеті» — Әнуар ЖҰМАШБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.