ШЫМКЕНТТІК ҚАРТ ЖИҺАНГЕЗ САЙЛАУҒА ВЕЛОСИПЕДПЕН БАРДЫ

Spread the love

Шетелді велосипедпен аралаған 81 жастағы шымкенттік жиһангез қария Кеңесбек Сейдімбеков сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.

Ардагер өзінің таңдауын Шымкенттегі №34 сайлау учаскесінде жасады. Оның айтуынша, ҚР Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы мемлекетіміздің дамуында үлкен мәнге ие. Сондай-ақ қария бүгінгі саяси шараның сәтті өтуіне тілектестік білдіріп, ақ батасын берді.

Кеңесбек Сейдімбековтің велосипедті жанына серік еткеніне 65 жыл болыпты. Қария бұған дейін қасиетті Мекке мен Мадинаға, сондай-ақ Ауғанстан, Ресей, Өзбекстан елдеріне велосипедпен барып қайтқан болатын.

– Тәуелсіз еліміздің дамуында әрбір сайлаудың маңызы зор. Бұған дейінгі сайлауларда да мен үнемі белсенділік танытып келемін. Шүкір дейміз, еліміз төрткүл дүниеге танылып, өсіп-өркендеп жатыр. Менің де велосипедпен шетелдерге баруымның басты мақсаты – елімнің жетістіктерін насихаттау, Қазақстанның, байтақ даламыздың атын шығару. Соны шетелдіктерге таныстырсам деймін. Ресейдің 40 қаласында, Кубада, Араб елдерінде болғанмын. Бір ай бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан велосипед сыйға алдым. Бұл — мен үшін үлкен қуаныш, — дейді жиһанкез қария.
Жасы сексеннен асқан ел ағасының сөзі нық, қимылы ширақ. Қария әлі күнге дейін тұрақты түрде салауатты өмір салтын ұстанады. Мысалы, күнделікті велосипедімен таңертең 15-20 және кешкісін сонша шақырым жол жүріп келеді екен.

Айта кетейік, алдағы уақытта ардагер спортшы Жапонияға велосипедпен баруды мақсат етіп отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *