ШЫМКЕНТ: СЕНАТОРЛАР МАЯТАС, ТОҒЫС ТҰРҒЫН АЛАПТАРЫНЫҢ ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Spread the love

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына жұмыс сапары кезінде қалаға жаңадан қосылған Маятас, Тоғыс елді мекен тұрғындарымен кездесті.
Аталған елді мекендерде 20 мыңға жуық халық тұрады.
Кездесуде тұрғындар қалаға жаңадан қосылған бұл елдімекендерді дамыту үшін соңғы жылдары көптеген жұмыстар атқарылғанын айтты.

Бүгінгі таңда қос елдімекендегі барлық жолдар мен аяқжолдарға жаңадан асфальт төселген. Көшелер жарықтандырылып, аулалар абаттандырылған. Балалардың ойын алаңы мен спорт алаңдары ашылды. Электр желілері мен трансформаторлар жаңартылып, тұрғындар сапалы электр қуатын пайдалануда.

Қазір магистралды кәріз жүйесі жаңартылуда. Биыл осындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің негізі ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Қазір 300 орындық қосалқы ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар Бадам өзенінің үстінен өтетін жергілікті 3 көпірде қайта құру жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілген.

Кездесу барысында жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырхан Ашетов сенаторларға бірқатар проблемаларды да айтты. Маятастық кейбір тұрғындардың үйі қалаға өткенімен ауыл шаруашылық жерлері Төлеби ауданының қарамағында қалған. Соның салдарынан шаруалар субсидия мен басқа да мемлекеттік қолдаудан шет қалып отыр. Сонымен бірге жыл сайын көктемде Бадам өзенінен келетін су тасқыны қаупін алдын алу жұмыстарын күшейту қажеттігін жеткізді.

Сенат депутаттары тұрғындар көтерген мәселені назарға алатынын мәлімдеді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ірі қалалардың шетінде орналасқан елдімекендердің проблемаларына баса назар аударылуда. Бүгінгі сапар барысында Маятас, Тоғыс тұрғын алаптарында жергілікті халықпен жүздесіп, талап-тілектерін тыңдап, жазып алдық. Алдағы уақытта тиісті мекемелерге жеткізіп, өзекті мәселелердің оң шешілуіне атсалысатын боламыз, – деді сенаторлар.

Тұрғындармен пікірлесу кезінде Сенат депутаттары 2020 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты 110 заң жобасын қарап, қабылдағанын атап өтті. Аталған заңдардың дені пандемия кезінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Сондай-ақ биылғы ел бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік саланы дамытуға, яғни халықтың әл-ауқатын көтеруге жұмсалатынын атап өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *