Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің орныға түсуі
Елбасы алғаш Ассамблеяны құру туралы Жарлыққа қол қойған күннен бастап, аталған ұйым Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің бел ортасынан көрінді. Маңызды мемлекеттік шешімдер мен Елбасы бастамаларына қолдау көрсетіп, мемлекеттік мүдденің жүзеге асуын қамтамасыз етті. Егемендікке ие болған алғашқы жылдардағы елдің басты құжатының бірі «Қазақстан-2030» стратегиялық жоспарынан бастап кешегі, халық арасында қызу талқыға түскен Қазақстанның Ел бірлігі Доктринасы сияқты қоғамды алға сүйреуші маңызды құжаттар да Ассамблея сессиясында бекітілді. Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыздың жедел қарқынмен дами беруі, Қазақстан халықтарының өз болашақтарына деген берік сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы бірліктен, ынтымақтан бастау алады. Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің қоғамға қажеттілігін, ел дамуына ауқымды үлес қоса алатынын өз істерімен дәлелдеді. Елдіктің, бірегейлік пен тұтастық ұйымы екендігін танытты. Шетелдік белді де беделді мемлекеттер Қазақстан халқы Ассамблеясы идеясын адам баласының тарихындағы және әлемдік қауымдастық арасында адами тұрғыдан ең асқақ идея екендігін мойындады. Қазіргі таңда, Ассамблея «ұлт» ядросы, этностық топтардың мәдени-рухани өзегі, елдік мүддемізді қорғаудың, мемлекеттілігімізді нығайтудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде қалыптасты. Қазақстан халқы Ассамблеясы жас ұрпақ бойындағы отансүйгіштік қасиеттерін дамыту, мемлекеттік тіл аясын кеңейту бағытында нақты іс-әрекеттер жасап, қоғам тұрақтылығын нығайтуға елеулі үлес қосып отыр.
Медиаон ақпарат
