Еліміз бағытын түзеді, бірлігін, ынтымағын арттырды
Қазақ тарихында маңызды рөл атқарған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолының» ізімен Елбасы, Тәуелсіз Қазақстан жағдайында «Нұрсұлтанның нұрлы жолының» негізін қалады. Бұл жол – ең алдымен қоғамдық тұрақтылыққа бағытталған жол. Бұл жол – азаматтар арасындағы ынтымақ пен татулыққа негізделген өнегелі бастау. Бұл жол – әлемнің барлық түкпірінде бейбітшілік пен келісім идеясын орнықтыруға арналған қайнар көз. Бұл жол – Қазақстанды болашақ өркендеу, қуатты ел ету сынды мақсатқа жетелеген бірден-бір тура, ең дұрыс жол. Аллаға шүкір, ата-баба арманы орындалды! Еліміз бағытын түзеді, бірлігін, ынтымағын арттырды, абыройын көтерді. «Қазақстан» атты алып кемені шайқалтпай басқарып, оны әлем төсімен нұрлы болашаққа, кемел келешекке, жарқын көкжиекке жетелеген Елбасы мен Тәуелсіздік егіз ұғымға айналды. Елбасының: «Енді біздің ел атқа қонды: дүйім дүниенің қандай дүбірлі додасына тайсалмай түсіп, кім-кіммен де жалтақсыз жарысатын болады», деген сөзіне сәйкес байтақ ел, күн сәулетті Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқының ауызбірлігімен аты шықты. Бүгін Қазақстан – өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын елге айналды.
Медиаон ақпарат