Қазығұрт ауданында былтыр ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 59 млрд 772,3 млн теңгені құраған. Оның ішінде 35 млрд 380,3 млн теңге — мал шаруашылығына, 23 млрд 840,7 млн теңге — егін шарушылығына тиесілі. Бұл туралы брифингте аудан әкімі Арман Абдуллаев мәлімдеді. Сондай-ақ, аудан басшысы өңірді инфрақұрылыммен қамту жұмыстарына тоқталды. «Аудан бойынша 61 елді мекеннің ауыз сумен қамтылғаны 57-ге жетіп, 93,4 пайызды құрады. Биыл 9 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы аудан тұрғындары 2023 жылы 100% ауыз сумен қамтылады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, аудан аумағындағы 44 елді мекен табиғи газ жүйесімен қамтылған. Бұл тұрғындардың 72,1 пайызына тең», — деді Арман Айдарұлы. Жол саласында да ілгерілеу бар. Мәселен, былтыр аудандық бюджет есебінен 96,8 шақырымды құрайтын 36 аудандық маңызы бар және ішкі жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде 3 көшенің құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Биылғы жылы 69,5 шақырымды құрайтын 22 аудандық маңызы бар және ішкі жолдарға орта жөндеу жұмыстары жүргізілмек.