Шымкент: әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау

0

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық  орталығының  медиа алаңында  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов  БАҚ өкілдеріне арнайы  баспасөз мәжілісін өткізді.

Брифинг барысында вице-министр Әлеуметтік кодексте балалары бар отбасыларға әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көзделгенін атап өтті: бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту және атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған натуралды пакетті монетизациялау; «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградталған әйелдерге наградталған ана мәртебесін беру және 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту; әлеуметтік осал топтарға берілетін жәрдемақылардың мөлшерін көбейту барысын сөз қылды.

Сонымен қатар, Ербол Оспанов Әлеуметтік кодексте әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау көзделгенін, оның басты мақсаты мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру болып табылатынын атап өтті.

«Мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін тарту көзделеді. Мүгедектігі бар адамдардың туыстары жеке көмекші ретінде ресімделіп, оларға тиісті еңбекақы және әлеуметтік аударымдармен қамтамасыз етіледі.

Тағы да өзгерістердің бірі – арнаулы әлеуметтік қызметтердің жаңа стандарттарын даярлап, жан басына шаққандағы нормативтерді енгізу. Қызметтер үшін жекелеген нормативтер, ал өтемдік техникалық құралдар үшін шекті бағалар болады. Бұл өзгерістер, бір жағынан, техникалық құралдардың немесе тауарлардың кейбір түрлерін одан әрі монетизациялауға алып келеді, екінші жағынан, жеке секторды кеңінен тарту арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді вице-министр.

Сонымен қатар Әлеуметтік қызметтер порталы бойынша жергілікті атқарушы органдар жанында құрылған комиссияларға жаңа құзыреттер беру көзделуде: мүгедектегі бар азаматтардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы айтылған өтініштерін  әлеуметтік қызмет порталы арқылы қабылдау және 5 күн ішінде қарау; өнім берушіге немесе қызмет көрсетушіге берілген тауар мен көрсетілген қызметтің сапасын жөндеу жөнінде мерзімі көрсетілген хат жолдау және оның орындалуын бақылау құзіреті; өнім берушіні немесе қызмет көрсетушіні әлеуметтік қызмет порталынан алып тастау және  оны міндеттемелерін адал атқармайтын өнім беруші тізіміне енгізу туралы шешім қабылдай алатын болады.

Жұмыс сапары барысында Ербол Оспанов «Ізетті зейнеткер» мүгедектігі бар адамдар мен қарттарға көмек көрсету орталығына барады, сондай-ақ Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының жұмысымен танысып, «Ten Qogam» әлеуметтік қолдау орталығында болып, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, мүгедектігі бар адамдармен және тұрғындармен кездесу өткізді.

Баспасөз конференциясының толық нұсқасын https://www.youtube.com/@AKO17/streams   сілтемесіне өту арқылы көре аласыздар.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *