Түркістан облысында Бұхар бұғыларының саны 200-ден асты

0

Сырдария маңын мекен еткен бұғылар 1956 жылы ұшты-күйлі жоғалып кеткен. 2000 жылы Сырдария өзенінің бойындағы тоғай орманынан 2 гектар жер учаскесіне қоршау орнатылып, Бұхар бұғыларының тұқымбағы салынған.  Бүгінде Түркістан облысында Бұхар бұғылары көбейген. Осы ретте Түркістан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мұрындық болуымен журналистер «Сырдария-Түркістан» табиғи өңірлік паркіне барып, Бұқар бұғыларын көрді.

Тұқымбақ аумағында 2 га, биіктігі 3 метр темір тормен қоршалған вольер орналасқан. 2010 жылы вольер аумағын 20 гектарға ұлғайту жұмыстары жүргізілген. Тұқымбақ жанына қызметтік тұрғын үй салынып, бұғышыларға пайдалануға берілген. Бұхар бұғылары тұқымбағы аумағын күзетуге және бақылап отыруға «бейнебақылау» орнатылған.

Түркістан облысы «Сырдария-Түркістан» өңірлік паркі мамандарының айтуынша, оларға уақытылы жем-шөбі беріліп, үнемі санақ жүргізіліп отырады. Сондай-ақ бұғылардың  туылған сәтінен төлдеген шағына дейін ұдайы бақылауда. 

Табиғи парк аймағындағы әр бұғы ерекше күтімге алынған. Оларды бұғышылар мен қарауылдан бөлек арнайы мал маманы қадағалап отыр. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ақжайық Хаметова бұғылардың жылдық өсімі  жоғары екенін айтады. Қазіргі уақытта облыс көлемінде Бұхар бұғылары тұқымбағында 226 бас бұғы күтіп-бапталуда. Олардың 43-і ішкі қоршауда (волер), қалған 183 басы еркіндікте.

Айта кетейік, бұғының бұл ерекше түрі ғылым тілінде «Бұхар бұғысы» (Cervus elaphus bactrianus) деп аталғанымен, одан бөлек «Хангүл», «Су бұғысы», «Тоғай бұғысы» деп те айтыла береді. Бұхар бұғылары 15-20 жыл өмір сүреді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *