Шымкент қаласындағы Достық үйінде «Береке – бірлікте» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

0

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында ұйымдастырылған жиынға қала әкімі, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдардың төрағалары, «AMANAT» партиясы филиалының атқарушы хатшысы, кәсіпкерлер палатасының директоры және бірқатар кәсіпкерлер мен волонтерлар және «Ассамблея жастары» ұйымының жетекшілері қатысты.

Қазақстан – бірлік пен татулықтың мекені! 1-мамыр – ырыс пен ынтымақты, татулық пен келісімді дәріптейтін аса маңызды мереке. Небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат күн. Жиналған қауымды мерекемен құттықтаған қала әкімі су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жинап, жөнелтуге атсалысқан азаматтарға алғыс айтып, игі іске жұмылған жандарға шынайы ризашылығын білдірді.

– Сын сағатта халқымыздың мызғымас бірлігі айқын көрінді. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», игі іске жұмылған белсенділер алыстағы ағайынға дер кезінде демеу болды. Көпұлтты халқымыздың татулығы, ынтымақтастығы, біздің еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтайық. Береке-бірлігіміз арта берсін, – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков. 

Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитаралық көмек көрсету жөніндегі қалалық ҚХА жанынан құрылған штаб жетекшісінің орынбасары, қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Юрий Пан, Шымкент қаласы бойынша Ұлттық волонтерлік фронт офисінің жетекшісі Қайыржан Бөгенбай, қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова сөз сөйледі. Бірліктің елшісі болып жүрген азаматтар қиын кезеңде атқарылған жұмыстың жайын баяндады.

Қатысушыларды тыңдаған қала әкімі, Мемлекет басшысының  Қазақстан халқы Ассамблеясының 33-сессиясында жүктеген тапсырмаларын  жергілікті жерде нәтижелі орындау үшін жоспар әзірлеп, кешенді жұмыстарды жүйелеуді тапсырды. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамына жаңадан қабылданған мүшелеріне ҚХА Төрағасы Қ.К.Тоқаевтың қолы қойылған куәліктердi табыстады. Көктемгі су тасқыны салдарымен күреске белсене қатысқан 12 азаматты Алғыс хатпен марапаттады.

«Шымкент келбеті»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *