«ЖАЙДАРМАН» лигасының финалдық ойыны өтті

0

Шымкентте  Халықаралық студенттер күні қарсаңында Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен жас командалардан құралған жайдарманшылардың финалдық ойыны өтті. Өнер сайысында он сегіз команда арасынан суырылып шыққан  бес команда финалға өтіп, тартысты да қызықты ойын көрсетті.

«Жайдарман» ойындарының шығармашылық алаңында жарысқа түскен бес топ белсенді дайындалып келген. Ойыншылардың тауып айтқан әзілдерінің астарынан шынайы өмір шындығын аңғаруға болады. Қағытпа қалжыңмен көрермендерді бір күлдіртсе, тартымды әңгімелерімен ойландырып та қойды.

— «Жайдарман» бізді шыңдайтын, алға қарай жылжуымызға көмек беретін биік белес. Ойын арқылы көптеген жетістіктерге жетіп, жаңа таныстық орнатып келеміз,– деді «Mademuazel» команда капитаны Ділназ Ахметова.

Қазылар алқасы өнерпаздардың сахнадағы мәдениеті мен сөз саптауларын, ойын ережелерін ұстана білуін жоғары бағалады.

— Командалардан финалдық деңгейдегі ойынды көрдік. Әрқайсысы өз образын жақсы алып шығып, ұтымды әзілдерімен күлдіре білді. Ойын керемет болды, – деді «Нысана» театрының актеры Абай Аязбаев.

Тартысты өткен ойыннан «Mademuazel» командасы көрермен ықыласына бөленіп, жеңімпаз атанды.«Самал-3» жайдарман ойыншылары екінші орын,  «Ақбұлақ» жігіттері үшінші орынды алды. Жүлделі орынға ие болғандар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *